ЖЕТІ ДОС

22 тамыз 2024 989 0
Оқу режимі

«Достық – адамдардың бір-біріне адал, қалтқысыз сеніп, бір мүддеде, ортақ көзқараста болатын қасиеті. Достық – өзара жауапкершілік пен қамқорлықтың, рухани жақындықтың белгісі.

Сатқындық, екіжүзділік, өтірікшілік, өзімшілдік достықпен сыйыспайды» дейді ғылым.

Шын мәнінде, адамзат үшін дос киелі ұғым. Сенім мен жарқын көңіл – достықтың берік тірегі.

Достықтың арқасында қарым-қатынас жақсарып, байланыс нығайып, адамзат өсіп-өркендейді, дамиды. Адал дос алтыннан да қымбат. Шынайы достық – өмірде ешнәрсемен теңестірілмейтін құндылық. Халқымыз, «Ақылы көпті жау алмас, досы көпті дау алмас», «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады», «Досы жақсының, өзі де жақсы» деп бекер айтпаған. Бабалардың сараптауы бойынша, сол достардың жеті түрі қалыптасқан екен.

Олар:

 Мал досы – жағымпаз дос. Іскер болып, ақша табудың амалдарын меңгерген болсаң, кез келген сенімен дос болуға құштар. Мұндайлардың бірі таныс, бірі жат. Бірі ашық, бірі жабық, нағыз жұмбақ. Бағың тайып, құралақан малсыз қалсаң, маңайламас бос. Олармен ой бөлісіп, пікір алмасудан артыққа бармаған жөн.

Тақ досы – күнімдік дос. Яғни, жалған дос. Олар әрқашан қасыңда. Бірақ, қиыншылықта емес. Өзінің қара басының қамын ғана ойлап жүретін, пайдакүнем, құлқынқұмар дос. Қойының қуанышқа толы, шат-шадыман шақта сенің кім екеніңді достарың танып білетін болады. Тағыңды ғана құрметтейді, тағыңнан тайған күні, сен үшін есігін тарс жауып, ойланбастан құлыптайды. Жалған дос – жаудан да жаман. Өйткені жаудан сақтанып жүресің. Ал, жалған досқа өзің алданасың. Сондайда кімнің дос екенін сен өзің танып білетін боласың. Содан да «Басыңа бақ-дәулет қонғанда бәрі дос, басыңнан бақ-дәулет тайғанда бәрі қас» деген нақылдың қалғаны. Шонаша айтқанда, бет жағында күлкі ойнар, іш жағында түлкі ойнар достан сақ болған жөн.

Қан дос – қан жағысып серт беріскен, бір-біріне тәуелділер. Антына адал болуға серттескен қылмыскерлер әлеміне тән достық.

Үзеңгі дос – сыйластық дос. Өмірде біте қайнасып, ортақ істің ыстығына күйіп, суығына тоңған, туғандай болып бауыр басып кеткен қызметтестерден кездестіруге болады.

Үзеңгі досқа, мектеп қабырғасында бірге оқыған, сондай-ақ, жалындаған жастық шақтарын бірге өткізіп, қара нанды бөле жеген, кейіннен де достықтары беки түсетін курстастарды жатқызуға болады. Білімпазбен дос болсаң – ақылың артар, залыммен дос болсаң – басың қатар деген нақыл да ойда болғаны жөн сияқты.

Бала күнгі – құрдас дос. Кішкентайынан бірге өсіп, біте қайнасып, тай- құлындай тебіскен, емізікті де кезектесіп еміскен, қызықты бірге көріскен нағыз қимас дос осы.

Отбасылық – сыйлас дос. Бір-біріне бауырдай жақын, біте қайнасқан, жалғыздығыңды білгізбей, ауыр істер мен қуаныштарда алдыңнан табылатын, іс біткенше дәл өзіңдей сабылатын достар жатады.

Жан дос – сыйлассаң – сыйыңды көтеретін, сырлассаң – сырыңды бөлісетін, сүрінсең – сүйенішің болатын, еркелесең – алақанын тосатын нағыз дос. Ол сенің басыңа түскен қасіретті бөлісіп алып, қайғыңды екі есе азайтып, жаның қиналса, бірге қиналатын, жегжат жұратқа бірге жиналатын, қуанышыңды екі есеге көбейтіп шаттанатын, жетістігіңе мақтанатын, қормалың яғни, қамқоршың. Уәдесінде тұратын, ұстаған жерінен сынатын, судай басынан тұнатын, сен үшін басын бәйгеге тігетін, қашанда қасыңнан табылар сенімді серігің. Көлгірсімей мәселенің турасын айтатын бірден-бір сыншың. Сонымен қатар, жан дүниесі мен мінез-құлқы ұқсас, өмір сүру дағдысы тұстас, әмісе амандығыңды тілеп, саған бұлау терін шығара еңбегін сіңіретін жан. Достықтың басқы шарты – теңдікті ұстанады.

Достардың санына емес, санатына қараған жөн. Санатсыз достар саған ілесе алмайды, жолда қалып қояды. Жаман достың қасында көп жүрмей, қоштасқан жақсы.

 

Э.Т. Құрманалиева,

Н.Т. Тілегенов,

А.Т. Сайлауова

 "Артық болмас білгенің"

Пікірлер Кіру