ТУЫСТЫҚ ҚАТЫНАС – МҰСЫЛМАНҒА ПАРЫЗ

29 мамыр 2023 3093 0
Оқу режимі

      Жаратылысынан жүрек жылуы мен мейірім шуағы мол халықтың бірі –қазақ. Кең құшақты қазақ даласында даналар үнімен, салт-дәстүрімен тәрбие алып өскен ұрпақпыз. Бабаларымыздың ұрпақтарына өнеге етіп қалдырған тәрбиенің түп негізі ислам қағидаттарынан нәр алғаны анық.

       Солардың бірі және бірегейі туыстық қарым-қатынасқа байланысты. Бұл туралы Құран аяттарында туыстық қарым-қатынасты үзбеуге шақырған тұстар өте көп кездеседі. Ниса сүресінің 1-аятында: «Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы». Осы аяттар халық даналығымен байланысып, үндестік тауып жатыр. Ел арасындағы «Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп», «Ағайын алтау болса, адам тимейді, Тура жүрсең, лебізің күймейді», «Ағайын бірде араз, бірде тату», «Ағайынның азары болса да, безері болмайды» деген мақал-мәтелдер сөзіміздің дәлелі. Халқымыз қоғам бірлігінің басты шарты татулық, туыстардың емен-жарқын араласулары екендігін басты назарда ұстаған.

       Ағайын-туысқа қол ұшын беріп, қарайласу әрбір адамның негізгі міндеттеріне кіретіні жайлы Құранда: «Негізінде Алла сендерге әділетті болуды, игілік жасауды және ағайын-туысқанға қарайласуды бұйырады» (Нахыл сүресі, 90-аят).  Жылағанда жұбаныш болар, қиналғанда арқа сүйер болар,  қуанғанда қуанышыңды бөлісіп,  өкпелегенде  назыңды көтеретін,  қателігімізді кешіре білетін тек ағайын-туыстарымыз  ғана. 

       Хадистердің бірінде былай делінген: «Кім ризық-несібесінің көбеюін және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатынасын күшейтіп, оған қарайлассын» (Бұхари, әдеп 12). Ағайын-туысқа дұрыс қарап, жақсы мәміледе болған адамның сәйкесінше ризық-несібесі артып, ғұмыры ұзақ болады. Ағайынмен тату болған адам көркем мінезді болады. Туыстықты сақтағанды Алла рақымына бөлейді, ал байланысты үзгенді рақымынан мақұрым етеді.

       Туыстық қарым-қатынас және оны сақтау өзінің маңыздылығы бойынша Жаратушыға құлшылық ету мен ата-анаға жақсылық жасаудан кейінгі үшінші орында тұрады. Ал қазіргі қоғамда дұрыс тәрбиеден шалыс, имандылықтан қалыс қалып жүргендер бар. Өз туған-туыстарынан безіп, мүлде көрместей кеткен ағайындар да бар. Адамгершіліктің ең жоғары түрі бауырмалдық, қарым-қатынасты үзбеу екенін ұсытпаған абзал.

       Қазақ санасында сақталған, танымына тамыр жайған ең маңызды ұғымдардың бірі осы. Құрмет пен сыйластық жоғалса, ешбір қарым-қатынас баянды болмайды. Сыйластық жоқ болса, сүйіспеншілік те жоқ. Қадір жоқ жерде достықтың да болуы екіталай. Қадір-құрмет жоғалса туыстық та тұрлаусыз.

           Дулат Қадырұлы

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру