Рамазан оразасының қазасын кешіктіруге бола ма?

20 маусым 2018 12502 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум. Бір сұрағым бар еді: мен вахталық жұмыс жасаймын. Қазір демалысқа келдім. Алайда, әйелім Рамазаннан қалған қазасын өтеп жатыр екен. Қаза күндердің арасын үзбей ұстаймын дейді. Отбасылық өмірдің шаттығына бөлену үшін әйелім оразасын кейінірек ұстаса бола ма? Әйтпесе, қазасының артынан етеккірі ереді. Ал, одан кейін қайта жұмысқа кетуім керек. Біраз уақытқа...


Жауап

Уа алейкум ассалам. Кімде-кім Рамазан айында қандай да бір себептерге байланысты бірнеше күн оразасын ұстамаса, онда қазасын өтегенде ол күндерді қатарынан ұстау шарт етілмейді. Бұл үкім төрт мәзһаб ғалымдарына бірдей ортақ. Себебі, Алла Тағала Құранда:

فَعِدَّةٌ مِّنْ أَيَّامٍ أُخَرَ

«(Қаза болған күндерін) басқа күндері ұстасын»[1], – деп бұйырған. Бұл аятта қаза күндерді өтеу бұйырылған, алайда үзбестен ұстаңдар делінбеген. Сонымен қатар, сахабалардан Ибн Аббас (р.а) бұл ораза қазаларына қатысты: «لا بأس أن يفرق» (Арасын үзіп ұстауда еш айып жоқ), – дегені, ал Әнас ибн Мәликтің (р.а.): «إن شئت فاقض رمضان متتابعًا، وإن شئت متفرقًا» (Қаласаң Рамазанның қазасын қатарынан ұста, қаласаң бөліп ұста), – дегендері риуаят етілген.

Рамазанның қазасын кей жағдайларға байланысты кейінірек ұстау еш әбестік жоқ екенін төрт мәзһаб ғалымдары бірауыздан қабылдаған. Жоғарыда келтірген аятта Алла Тағала құлдарына «Басқа күндерде ұстасын» деп кеңшілік берген ғой. Сол үшін қаза күндерді Рамазан бітісімен ұстау керек деген шарт жоқ. Айша анамыз (р.а):

كان يكون عليَّ الصوم من رمضان فما أستطيع أن أقضيه إلا في شعبان

«Менде кейде Рамазан айынан қазалар қалатын, олардың қазасын Шағбанға[2] дейін өтейтін мүмкіндік болмаушы еді»[3], – дейтін.

Бұл хадисті ашықтаған Ибн Хажар Асқалани айтады: «Бұл хадисте Рамазан айынан қалған қазаны кешіктіруге болатынының дәлелі бар, ол қазаның қандай да бір үзірмен болған, болмағаны маңызды емес»[4].

Десек те, қаза амалдарды мүмкіндігінше ертерек өтеп тастаған абзал. Себебі Алла Тағала мұсылмандардың сипатын Құранда:

أُولَٰئِكَ يُسَارِعُونَ فِي الْخَيْرَاتِ وَهُمْ لَهَا سَابِقُونَ

«Міне, осылар, жақсылықтарға асығады. Олар оның озаттары»[5], – деп баяндаған. Ендеше:

وَسَارِعُواْ إِلَى مَغْفِرَةٍ مِّن رَّبِّكُمْ

«Раббыларыңның жарылқауына қол жеткізуге асығыңдар!»[6]

Тоқетерісі: әйеліңіз қаза күндерінің ұсталмаған бөлігін кейінірекке қалдырса болады. Ораза күндерінің бөліп ұстағанда тұрған еш әбестік жоқ. Дегенмен, мүмкіндік туысымен қазаны өтеуді жылдамдатқан абзал.

Ең дұрысы Аллаға мәлім.

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 

[1] «Бақара» сүресі, 184-аят.
[2] Рамазанның алдындағы ай.
[3] Бухари, Муслим.
[4] Фәтхул-Бари.
[5] «Муминун» сүресі, 61-аят.
[6] «Әли Имран» сүресі, 133-аят

Пікірлер Кіру