САХАБАЛАРҒА ТІЛ ТИГІЗУ

20 қараша 2023 2698 0
Оқу режимі

Сұрақ:  Сахабаларға тіл тигізсе не болады? 


Жауап

Сахабаларды да сыйлау керек. Бұл жерде айта кететін бір жайт, Пайғамбармен (с.а.с.) бірге оның қасында қиын-қыстау кездері оған жәрдемдескен, әрдайым жанынан табылған, малдарымен, жандарымен Алланың және Оның елшісінің жолында күрескен адамзаттың ардақты тұлғалары – саңлақ сахабаларға да тіл тигізуге, балағаттауға болмайды. Өйткені Жаратушының алдында олардың дәрежелері өте биік. Алланың елшісі (с.а.с.) сахабаларының Қиямет күнгі сират көпірінен сүрінбей өтетіндігін айтқан. Ал Алла Тағала Пайғамбар (с.а.с.) мен оның айнымас жолдастарын былайша суреттеген:

﴿مُّحَمَّدٌ رَّسُولُ اللَّهِ وَالَّذِينَ مَعَهُ أَشِدَّاء عَلَى الْكُفَّارِ رُحَمَاء بَيْنَهُمْ تَرَاهُمْ رُكَّعاً سُجَّداً يَبْتَغُونَ فَضْلاً مِّنَ اللَّهِ وَرِضْوَاناً سِيمَاهُمْ فِي وُجُوهِهِم مِّنْ أَثَرِ السُّجُودِ ذَلِكَ مَثَلُهُمْ فِي التَّوْرَاةِ وَمَثَلُهُمْ فِي الْإِنجِيلِ كَزَرْعٍ أَخْرَجَ شَطْأَهُ فَآزَرَهُ فَاسْتَغْلَظَ فَاسْتَوَى عَلَى سُوقِهِ يُعْجِبُ الزُّرَّاعَ لِيَغِيظَ بِهِمُ الْكُفَّارَ وَعَدَ اللَّهُ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ مِنْهُم مَّغْفِرَةً وَأَجْراً عَظِيماً﴾ 

«Мұхаммед –Алланың елшісі. Ал оның қасындағылар кәпірлерге қатты, өз араларында мейірбанды. Сен олардың рукуғта, сәждеде Алланың мейірімі мен разылығын қалап жатқандығын көресің. Олардың белгілері – жүздеріндегі сәжденің ізі. Сол олардың Тәураттағы мысалы. Ал олардың Інжілдегі мысалы бүршік атқан егін сияқты. Ол (Алла) оны беріктеп, ол жуандап, сабағы да түзуленіп, егіншілерді таң қалдырды. (Алла мұны) кәпірлерді ашуландыру үшін келтірді. Алла олардың иман келтіріп, ізгі іс істегендеріне мол кешірім мен ұлы сый уәде етті» (Фатх, 29).

Пайғамбар (с.а.с.) да өз сахабаларының басқа үмбетінен артықтығы жайында айтып кеткен. Олар (р.а.) мұсылман үмбетінің көшбасшылары. Олардың (р.а.) қайсыбірінің ізіне ерген адам адаспайды. Өйткені олардың (р.а.) ұстаздары Пайғамбардың (с.а.с.) өзі.

عَنْ عُمَرَ وَابْنِ عَبَّاسٍ وَجَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ مَرْفُوعًا أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: »أَصْحَابِي كَالنُّجُومِ بِأَيِّهِمْ اقْتَدَيْتُمْ اهْتَدَيْتُمْ«. رَوَاهُ الدَّارِمِيُّ.

Омар (р.а.) Ибн Аббас (р.а.) және Жәбірден (р.а.) жеткізілген бір риуаятта сахабаларының артықшылығы туралы Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Сахабаларым жұлдыздар секілді, олардың қайсысының ізіне ерсеңдер де тура жол табасыңдар». Дарими риуаят еткен.

Ақиқатында адамзат тарихындағы иман кетірген үмбеттердің ішіндегі ең ардақтысы мұсылман үмбеті, пайғамбарлардың ішіндегі ең шоқтығы биігі Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.). Демек, Пайғамбардың (с.а.с.) жанында жүрген жолдастары – сахабалары адамзаттың ең қайырлы пенделер.

عَنْ عَبْدِ اللهِ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: »خَيْرُ النَّاسِ قَرْنِي ثُمَّ الَّذِينَ يَلُونَهُمْ ثُمَّ الَّذِينَ يَلُونَهُمْ ثُمَّ يَجِيءُ قَوْمٌ تَسْبِقُ شَهَادَةُ أَحَدِهِمْ يَمِينَهُ وَيَمِينُهُ شَهَادَتَهُ«. رَوَاهُ البُخَارِيُّ.

Абдулла ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Адамдардың ең қайырлысы менің замандастарым, сосын олардан кейін келгендер, сосын олардан кейін келгендер. Сосын куәлігі антына, анты куәлігіне сай келмейтін бір қауым келеді». Бұхари риуаят еткен.

Расында да осы хадисте айтылғандай қазіргі адамдардың айтқандарының ақиқаты мен жалғандығын айырып алу қиын мәселе. Сахабалар адамзат тарихындағы нағыз тау тұлғалар десек, демек, барлық иман келтіргендердің оларды қадір тұтуы шариғат бойынша талап етілген нәрсе. Ал олар туралы жаман сөз айту үлкен асылыққа жатады.

عَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »لاَ تَسُبُّواْ أَصْحَابِي فَلَوْ أََنَّ أَحَدَكُمْ أَنْفَقَ مِثْلَ أُحُدٍ ذَهَباً مَا بَلَغَ مَدَّ أَحَدِهِمْ وَلاَ نَصِيفَهُ«. رَوَاهُ البُخَارِيُّ.

Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) жеткізген хадисте Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Сахабаларыма тіл тигізбеңдер, тіпті, сендердің біреулерің Ухуд тауындай алтынды садақаға берсе де онысы олардың біреуі берген бір мудке де (шамамен 18,5 литр, ауд.) һәм оның жартысына да теңесе алмайды». Бұхари риуаят еткен.

Сахабалардан алатын тағылым көп. Бірде Пайғамбар (с.а.с.) сахабаларына (р.а.) шығып: «Қалай тұрдыңдар?» – деп сұрайды. Олар (р.а.): «Аллаға мүмін болып тұрдық»,– деп жауап береді. Пайғамбар (с.а.с.): «Имандарыңның белгісі қандай?» – деп сұрайды. Сахабалары (р.а.): «Бәле-жалаға сабыр, жағдайға шүкірлік, тағдыр-қазаға разылық білдіреміз», –- дейді. Сонда Расулалла (с.а.с.): «Қағбаның Иесімен ант етейін, сендер нағыз мүмінсіңдер», – деген екен.

Алла Тағала бізді жартылыстың қайырлысы, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.а.с.) лайықты түрде құрметтейтін иманы кәміл пенделерінен етсін! Оның (с.а.с.) сара сүннетімен жүруге, соңғы Кітап – Құран Кәрімге амал етуге жазсын! Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның әулеті мен сахабаларына және солардың ізіне ерген Қиямет күніне дейінгі барлық пенделерге Алланың салауаты мен сәлемі болғай!   

ҚМДБ Пәтуа және шариғат бөлімі 

Пікірлер Кіру