Садақаны кімге берген дұрыс?

20 ақпан 2021 10015 0
Оқу режимі

Ассаламағалейкүм!
Садақаны қандай адамдарға беруге болады, қандай адамдарға беруге болмайды? Көшеде аяқ-қолы сау, денсаулығы жақсы бірақ қайыр сұрайтын адамдар кездеседі. Кейбiр адамдарға берейін десем, арақ ішеді ме деп қорқамын. Осы жайлы айтып берсеңіздер! Алла разы болсын! Али Алденов


Жауап

Уағалейкүмассалам!

Әрине, Ислам адам баласына еңбек етіп, адал табыс табуға үндейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Абдулла бин Аббасқа (р.а.):«...Сұрар болсаң тек Алладан сұра. Ал, жәрдем қаласаң, тек Алладан жәрдем тіле[1]»,– деп өсиет еткен.

Ал, қайыршылықпен айналысудың жамандығы жайлы Әбу Һурайра (р.а.): «Кімде-кім байып кету үшін адамдардан қайыр тілейтін болса, оның сұрағаны – оттың шоғы. Қаласа аз алсын, қаласа көп етіп алсын[2]», – деген хадисті риуаят еткен.

Қайыр тілеуді кәсіп ету адамды абыройдан айырады. Бұл жөнінде Ибн Омар (р.а.): «Сендердің бірің Алла тағала құзырына барғанға дейін қайыр тілеуін тоқтатпаса, оның бетінде бір кесек еті қалмайды[3]», – деп ескерткен.

Хадис негізінде, тек үш жағдайда ғана қайыр тілеуге болады.

1.Су тасқыны, өрт, құрғақшылық және т.б. табиғи апаттар салдарынан мал-дүниесінен айырылған адам;

2.Сіңірі шыққан кедей. Жоқшылыққа тап болғаны көрші-қолаңына белгілі адам;

3.Адамдардың арасын татуластыру үшін берілетін мал-мүлікті тасушы.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әбу Бишр Қабиса бин Мұхариққа (р.а.): «Қайыр сұрау тек үш адамға рұқсат. Бітімге берілетін дүние-мүлікті тасымалдаушы кісіге, мал-дүниесіне апат келген кісі жағдайын түзегенше және жоқшылыққа тап болған кісі жағдайын түзегенше, оның қауымынан үш кісі: пәленше жоқшылыққа тап болды деп айтса. Ей, Қабиса! Бұдан басқаларға қайыр сұрау – харам. Бұлай мал тапқан адам – харам жеуші[4]»,– деген.

Зекеттен басқа кез келген садақаны мұсылманға да, мұсылман емес адамға да беруге болады. Тек аса мұқтаж адамға берген жөн. Осыған байланысты мынадай ғибратты хадис бар.

Сахаба Әбу Һурайра (р.а.) риуаят етеді: «Бәну Исраилден бір кісі мен садақа жасаймын деп нәзір етеді. Ол біреудің қолына садақа беріп кетеді. Ертеңгі күні жұрт ұрыға біреу садақа беріпті деп айта бастайды. Әлгі кісі «Уа, Алла! Садақа лайық емес адамның қолына тиіпті, алайда бұл Сенің қалауың болғаны үшін Саған мақтау болсын», – деді. Екінші күні тағы садақа жасауды нәзір етеді. Түнделетіп бір әйелдің қолына садақасын беріп кетеді. Жұрт бүгін түнде жезөкшеге садақа беріпті деп айта бастады. Әлгі кісі «Уа, Алла! Садақа лайық емес адамның қолына тиіпті, алайда бұл Сенің қалауың болғаны үшін Саған мақтау болсын», – дейді. Ол тағы да садақа беруді нәзір етеді. Түнде шығып біреудің қолына садақасын беріп кетеді. Жұрт таңертең бай адамға садақа беріліпті деп айта бастайды. Сонда: «Уа, Алла! Садақа лайық емес адамның қолына тиіпті, алайда бұл Сенің қалауың болғаны үшін Саған мақтау болсын», – дейді. Сонда садақа берушіге түсінде: «Ұрыға берген садақаң оны ұрлық жасаудан сақтайтын шығар, жезөкшеге берген садақаң оны ойнастықтан сақтайтын шығар, ал байға берген садақаң оны ғибраттандырып өзіне Алла берген байлықтан адамдарға да бере бастайтын шығар,-делінген екен[5]»

Бұл хадистің алынатын ғибрат:

1.Садақа алуға лайықты емес адам болса да, берушінің ниеті түзу болса, оның садақасы қабыл болады;

2.Садақаны жасырып беру және амалда ықыластың орны;

3.Садақа берудің артықшылығы. Садақа берушіге, алушыға және жалпы қоғамға әлеуметтік пайдасы.

4.Мұқтаж жандарға қол ұшын берумен адам жанын тазартуға ұмтылуы.

 


[1] Тирмизи

[2] Муслим

[3] Бұхари

[4] Муслим, Насаи, Әбу Дауд, Ахмед

 

[5] Мұттафақұн алейһи

Пікірлер Кіру