ЖАЗМЫШТАН ОЗМЫШ ЖОҚ

   Жаратылыстағы бүкіл тіршілік атаулының өлшеулі рызығын бір Алла Тағала ғана береді. Ал, сол рызық-несібесін өз аяғымен жүріп табатындар мен әрекет етуге дәрменсіз тіршілік атаулының рызығының арасында пәлендей айырмашылық жоқ. Мәселен, адамдар, хайуанаттар мен құстар өз рызық-несібелерін саналы түрде әрекет ету арқылы тапса, ана жатырындағы сәбиге Алла анасының қанымен рызық береді. Тіршіліктегі басқа да әлсіз «шақалақтар» туралы да осыны айтуға болады. Оларға ата-аналарын не басқа да жағдаяттарды себепші қылу арқылы Алла өз рызықтарына жеткізеді. Және де Алла пенденің әрекеті мен ниетіне сай халал не харам жолдан рызығын нәсіп етеді. Біздің айтып отырған тұжырымдарымыздың түпкі өзегі Құранда баяндалады: «Жер бетіндегі әр жәндіктің қорегі Аллаға тән. Ол олардың тұрақты, тұрақсыз орындарын біледі. Барлығы ашық бір Кітапта[1]»; «Шүбәсіз, Ол Алла ризықтандырушы және мықты күшке ие[2]».

Негізінде пенденің рызық-несібесі оның қаншалықты әрекет етуіне тікелей байланысты. Десек те, Алла Тағаланың қалаған құлына есепсіз рызық беретіндігі басы ашық мәселе. Бірақ, Алла рызықты пенделердің иманды не имансыздығына қарай бөле-жарып бермейді. Егер жағдай солай болғанда, иман еткен мұсылмандардың бәрі ірі байлық иесі болып, дінсіздердің барлығы тақыр кедей болулары керек еді ғой. Ал, күнделікті өмірдегі жағдай мұны мүлде теріске шығарып тұрған жоқ па?! Сондықтан пенденің бай не кедей болуы Алланың қалауындағы мәселе екендігін түсінуіміз керек. Бұл тақырыпта да бізге Құран аяттары негізгі көмекші: «Алла қалаған кісінің несібесін молайтып, қалаған пенденің несібесін тарылтады....[3]»; «Алла қалағанын есепсіз рызыққа бөлейді[4]».

Пенде тіршіліктегі өз рызық-несібесін табу жолында түрлі әрекеттерге, айла-тәсілдерге барып, бүкіл күш-жігері мен ақыл-парасатын жұмсайды. Әрине, пенде өз қарым-қабілетіне қарай рызығын айырады, бірақ ең бастысы, рызықтың халалын ішіп-жеуді бұйыратынын бір сәт естен шығармау керек.

«Ал, енді Алланың сендерге берген ризығының халал әрі тазасынан жеңдер...[5]», – деген Алла Тағала – мұсылман пендеге өз рызығын табудың негізгі тұжырымдық формуласын ұсынады. Әрбір тіршілік атаулы Алланың өзіне бұйыртқан өлшеулі рызық-несібесін ішіп-жемей бұл фәни дүниеден өтпейді және ешқандай тіршілік иесі өзгенің Жаратушының шексіз даналық ілімімен белгіленген рызығына ортақ бола алмайды. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Рызықты іздеуден бас тартпаңдар. Ешкім өзіне бұйыртқан рызыққа жетпей өлмейді. Олай болса халалын алып, харамын тастаумен рызықтарыңды жақсылап іздеңдер[6]».

Дүниедегі тіршілік атаулының ғұмыры Жаратушының әу баста тағдырға жазған мөлшерімен өлшенеді. Ешкім де сол межеден не артық, не кем өмір сүре алмайды. Пенде өзіне бұйырылған рызық-несібесіне қол жеткізіп, дәм-тұзы таусылған соң пәни өмірмен қош айтысып, мәңгілік өмір сапарына көш түзейді. Себебі, өмірді де, өлімді де жаратушы – бір Алла. Әрбір кеудесінде жаны бар тіршілік иесі өліммен бетпе-бет келері хақ екендігі қасиетті Құранда: «Әркім өлімді татады[7]», – деп тайға таңба басқандай анық айтылады. Әрине, бұл  – ойлы жанға үлкен сабақ. Сонымен қатар, Құранда өлімнің уақыты да Алланың иләһи ілімімен белгіленіп қойғандығы жөнінде айтылады: «Біз араларыңда өлімді белгіледік. Бізден ешкім оза алмайды[8]».

Алла әрбір пендеге тек өзіне тән өмір өлшемін нәсіп еткендіктен, кімнің қанша уақыт ғұмыр кешетіндігі біз үшін беймәлім. Пенденің тағдырында жазылған ажал сәті келгенде, Әзірейіл періште оның жанын бір сәтке кешіктірместен алады. Өлім уақытының кешігуі немесе ерте кетуі деген ұғымның әсте болмайтындығын мына аяттардан білеміз: «Әрбір адамның ажалы бар. Оларға ажал келген кезде, бір сағат бұрын және кейін кешіктірілмейді[9]»; «Әрбір үммет үшін бір ажал бар. Қашан олардың белгілі мерзімі келсе, бір сәтке кешіктірілмейді де, ілгерілетілмейді де[10]»; «Қашан біреудің ажалы келсе, Алла оны әсте кешіктірмейді[11]».

 


[1] «Худ» сүресі, 6-аят
[2] «Зарият» сүресі, 58-аят
[3] «рағыд» сүресі, 26-аят
[4] «Бақара» сүресі, 212-аят
[5] «Нахыл» сүресі, 114-аят
[6] Әт-Тәрғиб уәт-тәрхиб, 2/534
[7] «Әли Имран» сүресі, 185-аят
[8] «Уақиға» сүресі, 60-аят
[9] «Ағраф» сүресі, 34-аят
[10] «Юнус» сүресі, 49-аят
[11] «мунафиқун» сүресі, 11-аят