ТАҒДЫРҒА ИМАН
Иман шарттарының соңғысы – тағдырға иман келтіру болып табылады. Тағдыр – араб тіліндегі «қадар» деген сөзден шыққан. «Өлшеу, бір нәрсені белгілі бір өлшем бойынша жарату, белгілеу» дегенді мағынаны білдіреді. Ал, шариғаттық термин бойынша, Ұлы Алланың әу бастан қияметке дейін және қияметтен кейін болатын барлық нәрсені, барлық оқиғаны жаратпастан бұрын шексіз, әзәли ілімі арқылы егжей-тегжейіне дейін білуін және оларды белгілі бір өлшем, мөлшерге қарай реттеуін, белгілі бір есеппен жүйелеуін, арнайы бір жобамен тағайындап белгілеуін «тағдыр» дейміз.
Тағдыр – осы әлемді және оның ішіндегі сан алуан түрлі жаратылыс иелерін белгілі бір жүйе мен тәртіп бойынша басқаратын иләһи заңдылық. Құранда жер бетіндегі күллі мақлұқаттың болмыс-бітімі Жаратқанның белгілі бір тәртібімен өлшеніп қойылғандығы тұрғысында көптеген аяттар бар: «Оның жанында әр нәрсе өлшеулі[1]», «Шын мәнінде, әр нәрсені бір өлшеумен жараттық[2]», «Сондай-ақ, әр нәрсені жаратып, оның өлшеуін белгіледі[3]».
Ал, «қаза» дегеніміз – Алланың ежелден белгілеп, тағдырға жазып қойған құбылыстар мен жаратылыстардың уақыт, сағаты, мезгілі мен мекені, сәті келгенде жүзеге асуы. Яғни, әуелден Аллаһтың ілім мен қалауына сай бекітілген нәрселердің уақыты келгенде, Жаратушының «Тәкуин» сипаты арқылы іске асуы. Сондықтан табиғаттағы барлық нәрселер Алланың тағдыр мен қазасына сәйкес болады. Еш нәрсе тағдыр мен қазадан тыс өздігінен яки кездейсоқ жүзеге аспайды.
Тағдыр мен қазаға иман – Алла Тағаланың Ілім, Ирада, Құдірет және Тәкуин сипаттарына иман ету. Себебі, тағдыр мен қаза Алланың осы сипаттары арқылы өлшеніп, белгіленіп, жаратылады. Бұл жағдайда біздер тағдыр мен қазаға иман етумен қатар, жақсылық пен жамандықтың, ащы мен тәттінің, бүкіл жаратылыс атаулының Алланың білуі, қалауы мен жаратуынан тұратындығына иман еткен боламыз.
Құранда иман негіздерімен байланысты аяттарда[4] тағдыр мен қазаға иман ету мәселесі айтылмаған. Бірақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Жибрил» хадисінде тағдырға сенудің иман шарттарына кіретіндігі айтылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларымен бірге отырғанда Жәбірейіл (ғ.с.) періште адам бейнесінде келіп, былай деп сұрақ қояды:
– Иман дегеніміз не? Сонда оған Пайғамбарымыз:
– Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, жақсылық пен жамандықтың Алладан екендігіне, тағдырға сену, – деп жауап береді[5].
Құранда тағдырға иман ету мәселесі айтылмағанымен, жоғарыда келтірілген аяттарда барлық нәрсенің әу бастан тағдырға белгіленіп қойылғандығы ашық түрде баян етілген. Әһли сүннет бойынша, тағдырға сену – иман шарттарының бірі. Исламда кейбір адасқан ағымдар тағдырға иман ету мәселесін Құранда тікелей айтылмаған деу арқылы оны тіптен жоққа шығарады.
Алла Тағаланың шексіз ілімі – өткенді, қазіргіні және келешекті де бірдей қамтиды. Сондықтан Жаратушының назарынан еш нәрсе тыс қалмайды. Құранда бұл мәселе жайында көптеген аяттар бар. Мысалы: «Алла олардың істегендерінің бәрін толық біледі[6]»; «Алла олардың өткенін, келешегін біледі. Өзгелер оны толық білмейді[7]». Яғни, әлемдегі болып кеткен, болып жатқан және болатын барлық нәрсе Алланың қазасы мен тағдырына сәйкес жүреді. Ешқандай тіршілік иесі Алланың Ләуһу Махфузында жазылған иләһи тағдырының шеңберінен тыс әрекет ете алмайды.
Күллі мақлұқат әлемінің тағдыры әуел бастан Ләуһу Махфузда жазылғандықтан, әлбетте әрбіріміздің де тағдырымыз сонда жазылған. Ләуһу Махфуз тағдыр кітабының негізгі нұсқасы болып, барлық болатын һәм болған нәрселер сонда жазылады. Құранда бұл жайында былай дейді: «Мұхаммед оларға айт: «Бізге Алланың жазғаны ғана болады[8]»; «Жазуда еш нәрсені қалдырмадық[9]».
Сондықтан Ләуһу Махфуздағы «Ана кітап» (Уммул китаб) негізге алына отырып, басқа кітаптар мен дәптерлерге Алланың әмірімен періштелер көшірме жасайды[10]. Яғни, әрбір адамның тағдыры осы ана кітаптан жекелеген кітаптар мен дәптерлерге көшіріледі. Кез келген тіршілік иесінің тағдыры Алла Тағаланың Ләуһу Махфузына жазылған соң оның көшірмесін періштелер жасайды. Адам тағдырын ана жатырында жатқан кезде жазатындығын мына хадис баян етеді. «Сіздерден әрбіріңіздің жаратылысы былай болады: Қырық күн мәни болып ана жатырында күтеді. Содан кейін ұйыған қан болып қырық күн тұрады. Содан бір түйір ет болып, тағы қырық күн тұрады. Содан кейін Алла Тағала төрт сөзбен бір періште жібереді. Ол періште оның өмірін, рызығын, амалының жаман немесе жақсы болатындығын Ләуһу Махфузға жазады. Жақсы деп жазған кісі алғашқыда тозақилардың амалын жасайды. Тіпті, жаман әрекет жасап тозақпен екеуінің арасы өте жақын қалады. Бұл кезде кітаптағы үкім оның бағытын, тағдырын өзгертіп үстем келеді. Сөйтіп, жәннәтқа баратындардың амалын жасауға көшеді де, ақырында жәннәтқа кіреді. Ал, жаман амал жасап, тозаққа баратын кісі әуелде жәннәтқа апаратын амал жасайды. Тіпті, онымен жәннәт арасы өте жақын қалғанда, кітаптың үкімі оның әрекетіне үстем келеді. Сөйтіп, тозаққа баратындардың амалын жасайды. Осылайша тозаққа барады[11]».
Адам сайып келгенде, бұл дүниеде ешқандай мәжбүрлікке түспестен тек өз қалауымен тағдырда жазылған нәрсені ғана істейді. Бірақ, бұл жерде адамның жасаған амалдарының оның ерік-жігері мен қалауынан туындайтынын назарда ұстауымыз керек. Яғни, адам белгілі бір істі жасауды қаласа, Алла Тағала оның сол қалауына сай сол істі жаратады. Жоғарыда Алла барлық нәрсені әуел бастан біліп, тағдырға жазып қойған дедік. Бірақ, бұл жерден «біздің іс-әрекетіміз әлмисақтан белгіленіп қойылған екен, біз соны тек қайталап шығады екенбіз» деген түсінік туындамауы керек. Себебі, мәселе бұл жерде тіптен бұлай емес. Асылында, Алла қиямет қайымға дейінгі күллі тіршілік иесінің, адамзаттың не істейтіндігін, қандай жолды таңдайтындығын өте жақсы біледі. Бірақ, біздің әрекетіміз Алланың әлгіндей барлығын білетіндігі үшін жасалмайды. Керісінше, біздің қандай іс-әрекет жасайтындығымызды Алла әуелден біліп, тағдырымызды солай белгілеген. Мысалы, күн мен айдың қашан тұтылатындығын ғалымдар алдын ала арнайы құралдар арқылы есептеп, пәлен уақытта тұтылатындығын айтады. Енді осы жерде аздап ойланып көрейікші, сонда күн ғалымдардың айтып, жоспарлап қойғандығынан тұтылды ма? Әлде ғалымдар күннің тұтылатындығын есептеп білгендігі үшін дәл сол уақытта тұтылды ма? Әлбетте, бұл жерде ғалымдар айтсын, айтпасын күннің сол уақытта тұтылары хақ. Ал, бірақ, мұнда ең мағыздысы ғалымдар күннің дәл сол уақытта тұтылатындығы анық білгендіктен әлгі уақытты белгілеп айтып отыр. Сол секілді метеорология орталығы ертең қар жауады десе, қардың солардың айтқандары үшін жаумайтыны өз-өзінен түсінікті. Міне, дәл осы мысалдар іспетті біз де Алланың жазып қойғандығы үшін амал етпейміз. Біздің қалай амал ететінімізді Алла әуел бастан біледі. Ал, біз өз қалауымызбен амал етеміз де Алланың иләһи ілімімен межелеп қойған тағдыр жазуымызды табамыз.
[1] «Рағыд» сүресі, 8-аят
[2] «Қамар» сүресі, 49-аят
[3] «Фурқан» сүресі, 2-аят
[4] «Бақара» сүресі, 117-аят; «Ниса» сүресі, 136-аят
[5] Муслим, Иман 1
[6] «Нұр» сүресі, 41-аят
[7] «Таһа» сүресі, 110-аят
[8] «Тәубә» сүресі, 51-аят
[9] «Әнғам» 38-аят
[10] М.Абдулфеттах Шахин, Инанжын Гөлгесинде, 1-том, 211-бет.
[11] Бухари, Муслим риуаяты