ҚҰРАН – АЛЛАНЫҢ СӨЗІ
Алла Тағаланың шексіз рақымдылығының асыл айғағындай болған, Жаратқанның ең соңғы қасиетті кітабы – Құран Кәрім. Бүкіл мұсылман жұртының жансарайының шуағы мен тіршіліктегі темірқазығына айналған Қасиетті Құран Кәрім 610-жылы Жәбірейіл періште арқылы бүкіл адамзатқа жіберілген соңғы пайғамбар Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) түсіріле бастады. Құранның алғашқы аяттары Хазіреті Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) 610-жылы Рамазан айында Хира үңгірінде түскені баршамызға белгілі. Алғашқы түскен аят – «Алақ» сүресінің бастапқы 5 аяты еді. Содан бастап 23 жыл ішінде Құранның барлық аяттары рет-ретімен түсіп отырды.
Құран аяттарының түсуінің өзіндік ерекшеліктері бар. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) кейбір аяттар бірде ұзақ болып түссе, бірде қысқа, кейде сүрелер толығымен түсетін. Құран Кәрімге «Құран» деп Алланың өзі атау берген: «Шын мәнінде, ол – ардақты Құран[1]».
«Құран» атауымен қатар, Китаб, Фурқан, Кәләмуллаһ, Хақ секілді атаулар да қолданыста кездеседі. Бұл атаулардың өзін және Құранға қатысты өзге де атауларды Құранның ішінде көптеп кездестіруге болады.
Құран Кәрім – соңғы иләһи кітап әрі алдыңғы иләһи кітаптардың барлығының бір Жаратушы тарапынан түсірілгендігін растайды: «Алладан басқа ешбір Тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеруші (Мұхаммед (с.ғ.с.) Алладан саған алдындағыны растаушы Құранды шындық бойынша түсірді. Бұның алдында Таурат пен Інжілді түсірді[2]».
Құран аяттары негізінен белгілі бір оқиғаға, яки сұралған сұрақ пен тілек-дұғаларға немесе шешімі қиын кезеңдерде тура жол нұсқап, мәселенің ақиқатын білдіру мақсатында Алла Тағала тарапынан уахи арқылы түсірілген. Сондықтан аяттарға түсініктеме берген кезде міндетті түрде оның түсу себебін (сәбәбу нузул) негізге алып, сол аят тұрғысында жан-жақты терең мағлұматқа ие болу шарт. Онсыз аяттағы айтылған үкім мен мақсат түсініксіз болып, басқа ұғымға қолданылып кетуі әдбен мүмкін. Ал, оның нәтижесі күрделі пікір қайшылықтарының тууына алып келеді.
Ислам тарихын парақтасақ, Алла Тағаланың пайғамбарларды үнемі елдің азғындаған, күпірлік етек алған тұста жібергендігін байқаймыз. Ал, пайғамбарлар болса, ел арасында жайлаған жаңсақ пікірлерді, таралған түрлі қисынсыз әдеттер мен әдепсіздіктерді реттеуде соларға қарсы мұғжизалар көрсетіп, Алланың шексіз құдірет иесі әрі өзінің шынайы пайғамбар екендігін дәлелдеген. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Әрбір пайғамбарға өз заманындағы адамдарды сендіру үшін бір мұғжиза берілген. Маған мұғжиза ретінде берілген нәрсе, тек Алланың маған уахи еткені ғана[3]», –дейді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Құран аяттарын алғаш үйреткенде жерлестері Құранды келеке етті. Қала берді, Құран аяттарын Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өзі ойдан құрастырып айтады және ондайды біздің ақындарымыз да шығара алады деген сандырақтарға жол берді. Құранға жасалған мұндай әдепсіздікке қарсы Алла Тағала былай деп аят түсірді:
«(Мұхаммед) «Егер адамдар мен жындар осы Құранның ұқсасын келтіруге жиналса, тіпті олар бір-біріне көмекші болса да келтіре алмайды, – деп айт»[4].
«Я болмаса олар: Құранды өзі жасап алды дей ме? Жоқ, олар иман келтірмейді. Ендеше, егер шыншыл болса (сөздерінде тұрса) Құран сияқты бір сөз келтірсін»[5].
Әрине, Алланың айтқан бұл сөзіне арабтар түгіл, күллі әлем жұмылса да Құран аяттарына тең келер ешбір туынды жасай алмасы айдан анық еді. Арабтар бұл мәселеде шарасыздық танытқан соң, Алла Тағала оларға ең болмаса Құранға ұқсас 10 сүре, оған күштері жетпесе, тіпті болмағанда 1 сүре құрастырыңдар, құдіреттеріңді көрейін деп талап қояды:
«Немесе олар: Құранды өзі жасады дей ме? (Мұхаммед (с.ғ.с.) оларға: Егер айтқандарың шын болса, Алладан өзге көмекке шақыра алатындарыңды шақырыңдар да, ол сияқты жасама он сүре келтіріңдер деп айт[6]» .
«Егер құлымызға түсіргенімізден күдіктенсеңдер, онда сендер де соған ұқсас бір сүре келтіріңдер, Алладан өзге көмекшілеріңді де шақырыңдар, егер сөздерің рас болса. Егер оны істемесеңдер, (әзір келтірмесеңдер, келешекте) сірә, істей алмайсыңдар. Ендеше, отыны адамдар, тастардан болып кәпірлер үшін әзірленген оттан қорқыңдар!»[7] .
Құран – адамзат тарихында өзінің мұғжизалығымен тыңдаушыны баурап алатын бірден-бір баға жетпес кітап. Сөзі мен мағынасының байлығы оның тек қана Жаратушыдан екендігін толықтай айғақтайды. Мысалы, Мекке мүшріктері Хазіреті Мұхаммедті (с.ғ.с.) өлтірмек болып шешім қабылдағанда Омар (р.а.): «Мұхаммедті (с.ғ.с.) мен-ақ өлтіремін. Елдің бірлігі үшін ешқандай ақы да алмаймын», – дейді. Бірақ, жаны жайсаң Омар «Таһа» сүресін оқығанда, оның адам сөзі болуы мүмкін емес екендігін еріксіз мойындап, бірден иман келтіреді.
Жоғарыда Құран 23 жыл ішінде түрлі оқиғалар, сұрақтар мен қажеттіліктерге сәйкес түсіп отырды дедік. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеден қайтқанға дейін Құран аяттары түсіп отырғандықтан оның бір кітап болып жинақталу мүмкіндігі болмады. Себебі, сүренің аяқталғанын немесе аяқталмағандығын Пайғамбарымыздың өзі де білмеді. Ол (с.ғ.с.) Алла Тағаладан келген уахиді өзінің уахи жазушыларына айтып, бірден қаламға алдыратын. Түскен аяттардың қай сүреге тиесілі екендігін де айтып беретін. Дегенмен, Құранның Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде кітапқа жинақталмауының өзіндік себебі бар. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) уахи хатшыларының қатарынан Хазіреті Зәйд ибн Сабит, Муаз ибн Жәбәл, Убей ибн Қағб, Әбу Зәйд, Әду Дарда, Абдуллаһ ибн Мәсғуд, Али ибн Әбу Тәліб және Хазіреті Осман секілді сахабаларды ерекше атап өтуге болады.
Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) әр жылы рамазан айында Жәбірейіл келіп, сол уақытқа дейін Құраннан түсіргендерін бастан-аяқ қайталап хатым еттіретін. Ал, сахабалар болса, жаңа түскен аяттарды яки толықтай сүрелерді тез жазып әрі ізін суытпай жаттап алатын.
Пайғамбар (с.ғ.с.) дүниеден өткен соң кейбір сахабалар Құранды кітап ретінде топтастыру қажеттігін сезініп, өз беттерінше аяттарды жинақтауға көшеді. Мысалы, бұл тұрғыда Хазіреті Абдуллаһ ибн Мәсғуд, Убей ибн Қағб, Хазіреті Әлидің жинақтаған нұсқаларын айтуға болады. Алайда, бұл нұсқалар қазіргі Құран тәртібінің реттілігімен құрылмаған болатын.
Хазіреті Әбу Бәкір (р.а.) 632 жылы халифа болған кезінде кейбір араб тайпалары халифаға бағынбау әрекеттеріне көшеді. Мұнымен қоса, дәл сол кезде төрт бірдей жалған пайғамбарлар шығып, олармен кішігірім соғыстар жүрді. Осы соғыстардың ішіндегі ең ауыр шайқас жалған пайғамбар Мусәйлиматул Каззабпен болған Ямама шайқасы еді. Міне, осы шайқаста 70 қари шаһид болғандықтан, шайқастан кейін Омарды (р.а.) Құран мәселесі қатты мазалайды. Осылайша, ол ойын Әбу Бәкірге (р.а.) жеткізеді. Бірақ, Әбу Бәкір (р.а.) Пайғамбардың (с.ғ.с.) өзінің мұндай іске бармағандығын айтып, Құранды жинақтау ісіне бірден келісе қоймайды. Омар (р.а.)бұл істің жақсылықтан басқа әкелер пайдасының болмайтындығына ант ішіп, түсіндіреді де, Әбу Бәкірді (р.а.) бұл іске көндіреді. Осыдан соң Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) уахи хатшысы, алғыр қари Зәйд ибн Сабитке (р.а.) Құранды жинақтау жұмысы тапсырылады. Зәйд ибн Сабит (р.а.) бастаған алқа мүшелері Құранды жинақтауға көшеді. Сол кезде Құран аяттары негізінен құрма жапырақтарына, тастарға, маталарға, сүйектерге жазылған еді.
Зәйд ибн Сабит (р.а.) Құран аяттарын жинақтауда сахабаларға мынадай шарт қойды: 1.Құран аяттары тек жаттап алған, яғни ауызша үлгіде ғана емес, сонымен бірге жазбаша парақшаларын да қоса алып келу және салыстыру; 2. Парақшаларды Пайғамбардың (с.ғ.с.) құзырында жазып алғанын көрген екі куәгер болуы тиіс. Басқалай жағдайда аяттардың ол түрлері қабылданбайды. Осындай қатаң талаптармен жиналған Құран аяттары бір кітап күйіне келтіріліп, халифа Әбу Бәкірдің (р.а.) өзіне тапсырылады. Бұл жинақтау жұмысы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеден озғаннан кейін, араға алты ай салып барып іске асқан болатын.
[1] «Уақиға» сүресі, 77-аят
[2] «Әли Имран» сүресі, 2-3-аяттар
[3] Бухари, Иғтисам -1
[4] «Исра» сүресі, 88-аят
[5] «Тур» сүресі, 33-34 аяттар
[6] «Һуд» сүресі, 13-аят
[7] «Бақара» сүресі, 23-24 аяттар