ПАЙҒАМБАРЛАРДЫҢ СИПАТЫ

  Адамзат пайғамбарларға қарап, жалпы істерінде бағыт түзеп, бағдар алады. Олар – адамға әрбір істе қайталанбас үлгі, ізгілікте қол жетпес биік шың, адасқанға жол сілтейтін жарық жұлдыз. Адамзат үшін осындай асыл міндеттермен жүктелген пайғамбарлардың бойында міндетті түрде табылуы тиіс сипаттар бар. Бұлар бесеу:

1. Сидқ – шыншылдық, туралық. Әрбір пайғамбар– шыншылдық пен туралықтан айнымайтын ұлы тұлғалар. Олар өмірлерінде ешқандайжалған сөйлемейді. Яғни, пайғамбарлығынан бұрын да, пайғамбар болғаннан кейін де тек туралықты, адалдықты, шыншылдықты ту етіп ұстанған. Пайғамбарлардың өткен-кеткен оқиғаларды баяндауы болсын, келешекпен байланысты жайттарды айтқан сөзінде болсын ешбір жалғандық болмайды. Құранда Алла Тағала пайғамбарлардың бұл қасиетін былай деп келтіреді: «Кітаптағы Ибраһимді есіңе ал. Негізінде ол турашыл (сидқ) пайғамбар еді[1]», «Кітаптағы Идристі есіңе ал. Өйткені, ол шыншыл бір пайғамбар еді[2]».

Адамзаттың асыл тәжі болған Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмір тарихына бір сәт көз жүгіртіп қарар болсақ, әуелі «Мухаммадул Әмин» деген атпен Меккелік мүшріктер арасында танымал болған Пайғамбарымыздың кіршіксіз келбетін көреміз.

2. Аманат сенімді деген ұғымды білдіреді. Демек, пайғамбарлардың екінші бір сипаты, ерекшелігі – өте сенімді тұлға болуы. Пайғамбарлар өздеріне пайғамбарлық міндет келгенге дейін және пайғамбар болғаннан кейін де ешқандай қиянатшылдық жасамаған, жасағандықтары жайлы деректер де жоқ және ондай деректерді кездестіру де мүмкін емес. Себебі, Құранда пайғамбарлардың бұл ерекшеліктерін: «Бір пайғамбарүшін олжаға (аманатқа) қиянат ету мүмкін емес[3]», – деп келтіреді.

Пайғамбарлар Алладан келген уахиге қиянат етуі былай тұрсын, елдің титімдей затына да қиянат етуден аулақ болатын. Мәселе солай бола тұра, кейбір шығыстанушылар не яһудилер Мұхаммедті (с.ғ.с.) Құранды өз ойынан шығарған, яки кейбір жерлерін өзі қосқан деседі. Бірақ, мұндай көпе-көрнеу жаланың да ешбір негізі жоқ. Себебі, аятта: «Егер елші Бізгеқарсы Құранға кейбір сөздер қосқан болса, біз оны оң жағынан күштеп ұстайтын едік те, сосын оның күре тамырын кесер едік[4]», – дейді.

Екі дүниенің нұры болған Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар Мекке халқы үшін аманаттың нышаны, айнымас бірегей тұлғасы еді. Меккелік мүшріктер Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) дұшпан бола тұра, аманат мәселесіне келгенде заттарын Пайғамбарымыздың үйіне тапсыратын. Ойлап қарасаңыз, мұның өзі адамды таң қалдыратын жайт емес пе?!Тіпті,Алланың көшу әмірі келгенде,Мұхаммед (с.ғ.с.) өзіне аманатқа тапсырылған бүкіл затты Әлиге (р.а.) тапсырып, заттарды егелеріне тапсыруды бұйырды. Өзіне қарсы шыққан дұшпанның затына титтей арамдық ойламай, көзінің қарашығындай сақтау – тек пайғамбарға ғана тән іс.

3. Исмәт күнә істемеу әрі күнә атаулыдан пәк деген ұғымды білдіреді. Пайғамбарлар Алланың бақылауында болғандықтан, олар үлкенді-кішілі күнәлардан және жалпы күнә жасау ұғымынан пәк. Ол жандардың пайғамбарлығынан бұрын кейбір шалыс басқан істері болуы мүмкін. Мұндай іс-әрекеттерді дінімізде «зәллә» деп атайды.

Егер де қайсы бір пайғамбар елшілігі барысында мысқалдай болсын қателікке бой алдырса, Алла Тағаладан дереу ескерту берілген. Мысалы, Мұхаммедпайғамбарымыздың (с.ғ.с.) да бірнеше мәселе жөнінде ескерту алғандығы мәлім. Пайғамбарымыз көкесіне: «Лә иләһә илллаллаһ де, ақыретте шапағат етейін», –  деп өтінеді. Бірақ Әбу Тәліб тілін кәлимәға келтірмеген күйі өмірден озады. Сонда Алла Тағаладан мынадай ескерту түріндегі аят түседі: «(Мұхаммед) Расында, сен жақсы көргеніңді тура жолға сала алмайсың. Алла кімді қаласа, оны тура жолға салады...[5]».

Пайғамбарымыз әлі де болса бір мүмкіндік болар деген ниетпен Әбу Тәліб үшін және кешірім тілегенде: «Пайғамбарға және мүминдерге тозақтық екендігі өздеріне білінгеннен кейін егер жақындары болса да, мүшріктер үшін жарылқау тілеулеріне болмайды», – деген «Тәубе» сүресінің 113-аяты түседі.

4. Фәтәнат (зерек, алғыр, ақылды)– пайғамбарларға тән ерекше ақылдық һәм зеректік қабілет. Ал, бұл ұғымға қарама-қарсы мағынадағы (ілімсіз, парасатсыз, ұмытшақ т.б.) бүкіл қасиеттер – пайғамбарлар үшін мүлдем жат нәрсе. Пайғамбарлардың мұндай ерекше парасат-пайымға ие болулары – олардың Жаратушыданжеткізген діни заңдылықтарды үмметтеріне таратып, түсіндірудегі аса қажет қабілет екендігімен тікелей байланысты.

5. Тәблиғ (жеткізу). Әрбір пайғамбардың Алладан алған діни үкім мен тыйымдарын өз қауымына кемшіліксіз жеткізу ісін «тәблиғ» деп атаймыз. Тәблиғ пайғамбарлардың дінді жаю жолындағы ең басты әрекеті болып есептеледі. Егер олар Жаратушыдан жеткен бүкіл әмір мен тыйымдарды адамдарға айна-қатесіз жеткізбесе, өз ісіне қиянат жасаған болып табылады: «Әй,Пайғамбар! Раббың тарапынан түсірілгенді жеткіз (тәблиғ ет). Егер оны істемесең, елшілік міндетін жалғастырмаған боласың...[6]».

Пайғамбарлық ұлық мақсат тәблиғ арқылы жасалады. Олар барынша шыншыл, аманатшыл болғандықтан, Алладан қандай мағынада болсын уахи түссе, оны сол күйінде жұртшылыққа жеткізу – пайғамбарлардың ең басты асыл парыздарының бірі һәм бірегейі. Мәселен,Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) асырап алған ұлы Зәйд ибн Харисаны туысы Зейнеп бинти Жахш есімді қызға қосады. Зәйд пен Зейнептің жұбайлық өмірлері ұзаққа бармай, соңы ажырасумен аяқталды. Сол сәтте, Алла Тағала Пайғамбарымызға туысы әрі келіні болып саналатын Зейнепті алуды бұйырады. Әрине, сол кезеңдегі араб әдеті бойынша келінімен үйлену өліммен тең арсыздық еді. Бірақ, аяттың мазмұны анық: «(Мұхаммед (с.а.у.)) Солуақытта өзіне Алла да бақ берген, сен де бақ берген Зәйдке: Жұбайыңды ажыратпа, Аллаһтан қорық! – деуде едің. Алланың жариялайтын нәрсесін көңіліңде жасыруда едің. Адамдардан қорқасың. Негізінде қорқуға Алла ең лайық. Сонда одан Зәйдтің жұмысы біткен кезде оны саған некелендірдік. Мүминдерге асырандыларынан босаған әйелдерді алуда бір күнә болмауы үшін Алланың әмірі орындалады[7]».

Міне, осы аят түскен кезде Хазіреті Пайғамбарымыз сахабаларына, қандастарына мәселені бірден айтуға тілі бармай, біршама мазасызданады. Бірақ, көп ұзамай, Алладан келген аталмыш әмірді жұртшылыққа жеткізеді. Сөйтіп, Пайғамбарымыз Зейнеп бинти Жахшпен отау құрады. Ал, осы мәселенің Пайғамбарымызға қаншалықты ауыр болғанын Айша анамыздың (р.а.) мына сөздеріненаңғаруға болар: «Егер Пайғамбарымыз Құраннан қандай да бір сөзді жеткізбестен жасырып қалатын болса, осы аятты жасырып қалар еді[8]».

Демек, тәблиғ мәселесінде пайғамбарлар аяттарды мүлтіксіз жеткізген және оған біздің мысқалдай да күмәніміз жоқ. Құранда бұл тақырып жөнінде және бір аят бар, онда: «Ешбір пайғамбар Алланыңрұқсатынсыз бір аят келтіре алмайды. Әр нәрсенің мезгілі жазулы[9]», – деп тайға таңба басқандай кесіп айтылған.


[1]«Мариям» сүресі, 41-аят
[2]«Мариям» сүресі, 56-аят
[3]«Әли Имран» сүресі, 161-аят
[4]«Хаққа» сүресі,44-46-аяттар
[5]«Қасас» сүресі, 56-аят
[6]«Мәида» сүресі, 67-аят
[7]«Ахзаб» сүресі, 37-аят
[8]Абдулфеттах Шахин, ж.к.е., 2-том, 88-бет; Сайд Рамазан ел-Бути, ж.к.е., 217-218-бет.
[9]«Рағыд» сүресі, 38-аят