АДАМ ТАҒДЫРЫНЫҢ ТЫЛСЫМЫ
Жаратушы алдында пенденің жауапты болуы не болмауы екі тұрғыда қарастырылады. Біріншісі, адамның қалауымен, яғни өз ықтиярымен, екіншісі – пенденің қалауынан тыс болатын әрекеттер. Шариғатта бұны ихтияри (қалауымен) және изтирари (мәжбури) әрекеттер деп атайды[1]. Мәжбури әрекеттерге адам бойындағы дене мүшелерінің жұмыс істеуін айтуға болады. Мысалы, жүректің соғуында, асқазанның ас қорытуында, тыныс алуында адамның ешқандай ықпалы болмайды. Сондықтан адам өз еркінен тыс жүзеге асатын мұндай әрекеттер үшін Алланың алдында жауап бермейді. Бірақ, денсаулығына селқос қарап, өзін күтпеген адам онысына жауапты болмақ.
Ал, адамның ерік-жігері мен қалауы арқылы болатын ісәрекеттерге келсек, оларға: отыру, тұру, бару, келу, ұру, соғу, құлшылық ету, етпеу секілді т.б. көптеген амалдар жатады. Мұндай саналы әрекеттері үшін пенде не мол сауапқа кенеледі, не мол күнә арқалайды. Демек, пенденің ерік-жігеріндегі бұл істер оның өз қалауымен болады. Оны мұндай іске ешкім мәжбүр етпейді. Пенде бір істі қалап, соны жасамақ болып ұмтылса, Алла оның қалауына сай сол ісін жаратады. Бұл да Алланың тағдыры мен қазасына сай болады.
Адамды Алла ерікті, таңдау мен қалау иесі етіп жаратқандықтан ол өз қалауы бойынша әрекет ете алады. Халал не харам амалдарды да өз қалауымен жасайды. Әрине, ақ пен қараны өз еркімен таңдағандықтан, сол таңдау еркінің ақысы үшін жауапқа тартылады. Егер адамда таңдау мен қалау еркі болмаған жағдайда, ол ақыретте жауапқа тартылмас еді. Пенде тек таңдау мен қалау еркіне ие, ал оның қалауына қатысты істі жарату – Алланың құзіретіндегі жайт. Яғни, пенденің жасамақ болған ісі Алла Тағаланың құдіретімен жаратылады. Сөйтіп, пенденің өз ерік-жігерімен, қалауымен жасаған әрбір ісі үшін ақыретте жауапқа тартылады.
Жоғарыда Алла барлық мақлұқат атаулының жаратушысы болғандықтан адамның да ісін жаратады дедік. Дегенмен, Алла біздің қалаған, таңдаған ісімізді жаратқанымен, оларды іске асыруға міндетті емес. Алла бұл мәселені табиғат әлеміндегі қалыпты үйлесімділік іспетті өз заңдылығы бар етіп жасап қойған. Яғни, адамның жүріп-тұруы, ішіп-жеуі табиғаттың тарту еткен сыйы секілді көрінеді. Негізінде, тіршілікті де пенденің қалауына сай етіп жаратқан бір Алла екенін естен шығармайық.
Адамның таңдау ерік-қалауының бар екендігіне дәлел ретінде төмендегі аяттарды келтіруге болады: «Расында, оған тура жол көрсеттік. Мейлі шүкіршілік қылсын, мейлі қарсы келсін[2]»; «Оған екі жол көрсетпедік пе?[3]»; «Әркім істеген ісі үшін жауап береді[4]»; «Кім ізгі іс істесе, сонда өзі үшін. Ал, кім жамандық істесе өзіне тән. Раббың құлдарына зұлымдық етуші емес[5]».
Әһли сүннет сенімі бойынша, пенде жасамақ болған ісін нысанаға алып, жүрегімен қалаған сәтте оны Алла іске асырады. Яғни, құл – қалаушы, Алла – жаратушы деген сөз. Сондықтан пенденің «мен бұл істі өзім істедім, бәріне өз ерік-жігерім арқылы жеттім, өзім жасадым» дегені – үлкен қателік. Себебі, адамның қалауын Алла жаратпаса, ол ойға алған ісін қайтіп жүзеге асырмақ? Сондықтан біз (әһли сүннет сенімі), Алланың бүкіл мақлұқатты жаратқаны іспетті, пенденің ісін де жаратушы деп білеміз. Бұған мына аяттарды дәлел ретінде келтіруге болады: «Алла барлық нәрсенің жаратушысы[6]»; «Алла сендерді де, сендердің амалдарыңды да жаратты[7]».
Исламдағы пенденің қалау еркі жайлы мәзһабтардың пікірлері де әрқалай. Мысалы, Жәбрия мәзхабы бойынша, адамда қалау, таңдау еркі жоқ. Олардың пайымдары бойынша, пенде бейне бір программаланған робот секілді маңдайына жазылғанды ғана жасайды. Ал, Муғтазила мәзхабын ұстанушылар: «Пенде барлық ісін өзі жасайды. Алланың бұған ешқандай қатысы жоқ. Яғни, пендеде маңдайына жазулы тағдыр болмайды, ол өз тағдырын өзі жасайды. Егер оның тағдыры болатын болса, ол о дүниеде істеген ісін тағдырға тапсырып, Аллаға кінә артатын болады», – деп санайды.
Біздер, әлбетте, бұл пікірлерге қосылмаймыз. Себебі, жоғарыда бірнеше мәрте тәптіштеп айтқанымыздай, пенденің ең алдымен жузи ирадасы (белгілі бір қалау еркі) бар[8]. Адам осы жузи ирада, яғни таңдау еркі арқылы қандай да бір істі қалауға құқылы. Айталық, арақ ішіп күнә істеу немесе мұқтажға көмек беру арқылы жақсылық жасау пенденің қалауы және таңдауы арқылы жүзеге асады. Осы амалды жасау барысында оны ешкім мәжбүрлеп, міндеттемейді. Міне, сондықтан пенде осы қалауы үшін ақыретте жауап береді. Себебі, ол осы істі өз еркімен жасап отыр. Бұл жерде Алла пендеге бұл істі мәжбүрлеп істетіп тұрған жоқ, пенде өз қалауымен амалды таңдап, жузи ирадасын (қалау еркіндігін) қолдану арқылы жасауда. Олай болса, пенде Алланың өзіне берген қалау еркіндігі арқылы қандай да бір істі жасауға әрекет етсе, Алла та оған сол істі жасайтын күшті (иститағат) беріп, амалын іске асырады. Сол үшін Құранда: «Алла сендерді де, сендердің амалдарыңды да жаратты[9]», – деп анық түрде баян етуде.
Тағдыр мен қазаға иман ету – парыз. Бірақ пенде тағдырдың мәнін дұрыс тәпсірлемей, өз пайымымен қорытынды шығарап, сылтауратып жауапкершіліктен құтыла алмайды. Мысалы, «Алла пешенеме осылай жазған екен» деп күнә істеу немесе «Тағдырыма жазылған соң қолымнан келер шара жоқ» деп өзін кінәсіз санау – пенденің осы тұрғыдағы білімінің таяздығынан туындап жатады. Құранда Алла Тағала бізге тағдырға тәуелді болуды емес, жасаған әрбір іс-әрекетімізге жауапты болуды бұйырады. Егер тағдырға бас иіп жүру дініміздегі өте маңызды жайт болса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол жөнінде бізге, ең болмағанда, бір ғибратты хадис қалдырған болар еді. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) керісінше, ешқашан тағдырды сылтау етпеген. Өзінің бейкүнәлік ерекшелігінен хабардар бола тұра, өмірін күндіз-түні Алла Тағалаға ғибадат етіп, дұға жасаумен өткізген. Дәл сол секілді сахабалар өмірінен де тағдырға налып, құлшылығын тастаған, яки өзге де үмітсіздікке түскендері жайында ешбір мәлімет кездестірмейсіз. Тіпті өмірінде жәннәтпен сүйіншіленген бақытты сахабалар да тағдырды сылтауратып, енді барар жерім жәннәт деп шалқасынан түсіп, бейғам жатпаған.
Алла Тағала жер бетіне келіп-кететін күллі тіршілік атаулының тағдырын әуелде Ләуһу Махфузда жазып қойған. Ләуһу Махфуз негізгі ана кітап болғандықтан Алланың одан басқа «Ләуһу Маху», «Лауһу Исбат» есімді тағдыр кітаптары бар. Міне, осы тағдыр кітаптарында Аллаһ қалағанын өшіріп, қалағанын сол күйінде қалдырады[10]. Сол секілді адам тағдырының өзгеріп, өзгермеуі де – Алланың қалауында. Аятта да бұл жөнінде: «Алла қалағанын өшіреді, қалағанын қалдырады. Негізгі Кітап (Уммул Китаб) Оның қасында[11]», – деп ашық айтылған.
Алла қаласа, пендесінің тағдырын немесе қазасын өзгертуі мүмкін. Дегенмен, бұл мәселеде пенденің ниеті мен іс-әрекеті негізгі рөл ойнайтындығын мына хадистен аңғаруға болады.
Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құлайын деп тұрған үйдің қасына өткендн жүрісін жылдамдата түседі. Сонда қасындағы сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Алланың қазасынан қашып барасыз ба?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алланың қазасынан Алланың тағдырына (қадарына) сыйынамын», – деп жауап береді[12].
Омар (р.а.) хижри жыл санауының 18-жылы Шамға бармақ болып сапарға шығады. Жол жүріп келе жатып Сәрғ атты елдімекенге жеткенде Шамда оба ауруының шыққанын естіп, кері қайтпақ болады. Сонда Шам қолбасшысы Әбу Убайда ибн әл-Жәррах (р.а.): «Уа, Мүміндердің әміршісі! Алланың тағдырынан қашпақсыз ба?» – дегенде, Омар (р.а.) оған: «Ей, Әбу Убайда! Әттең, бұл сөзді сенен басқа жан айтқанда ғой! Иә, Алланың тағдырынан қайтып, Алланың тағдырына қашып барамыз. Тағдырға не жазылғанын бір Алла біледі. Мәселен, сенің жайылымға шыққан түйелерің, бір жағы тақыр, оттығы жұтаң, бір жағы шалғынды сайға түсті делік. Сен түйелеріңді шалғынды, шайырлы жотаға жайып тойдырсаң да немесе тақыр, шөпсіз жотаға жайып, аш қалдырсаң да – Алланың тағдырына сәйкес әрекет еткен болмайсың ба!?», – деп қисынды жауап береді.
Хазіреті Омар (р.а.) тағдырдың өзгеруі үшін Аллаға үнемі дұға еткендігі белгілі. Ардақты сахаба былай деп дұға ететін: «Алла Тағалам! Егер есімімді шақилардың (жамандар, тозақтықтар) арасында жазған болсаң, атымды ол жерден өшір. Егер саидтардың (бақыттылар, жәннәттықтар) арасында жазған болсаң сол жерде берік қыл. Өйткені, Сен: «Алла қалағанын өшіреді, қалағанын қалдырады. Негізгі Кітап (Уммул Китаб) Оның қасында[13]», – деп айттың. Сенің бұл сөзің – хақ[14]».
[1] Сейфеддин Языжы, ж.к.е., 101-бет; Хамди Дөндүран, ж.к.е, 120-бет
[2] «Инсан» сүресі, 3-аят
[3] «Бәләд» 10-аят
[4] «Муддәсир» сүресі, 38-аят
[5] «Фуссиләт» сүресі, 46-аят
[6] «Зүмәр» сүресі, 62-аят
[7] «Саффат» сүресі, 96-аят
[8] Сайм Клавуз, ж.к.е. 102-105-бет; А.Лутфи Казанжы, ж.к.е., 228-229-бет
[9] «Саффат» сүресі, 96-аят
[10] М.Абдулфеттах Шахин, ж.к.е., 238-бет
[11] «Рағыд» сүресі, 39-аят
[12] Хамди Дөдүрен, ж.к.е., 121-бет
[13] «Рағыд» сүресі, 39-аят
[14] С.Вехби, Мәжмуатул-Маариф, Коня 1327, 123-бет