ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП–2025: 385 МЫҢ ОТБАСЫҒА ТҮРЛІ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

07 қаңтар 2026 108 0
Оқу режимі

2025 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қоры республика көлемінде әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қолдау, мұқтаж жандарға нақты көмек көрсету және қайырымдылық мәдениетін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізді.

«Өмірге үміт сыйла» жобасы аясында жыл ішінде 9 651 науқас жанға көмек көрсетілді. Республика бойынша жеті оңалту орталығы ерекше балаларға арналған заманауи оңалту кешендерімен толық жабдықталды. Сонымен қатар Астана және Атырау қалаларында, Ақмола мен Жамбыл облыстарында эпилепсия дертіне шалдыққан балалар тегін медициналық тексеруден өтіп, дәрігер кеңесін алды.

«Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 70 отбасыға баспана кілті табысталды. Оның ішінде 35 пәтер қызметтік мақсатта берілсе, тағы 35 баспана әлеуметтік жағынан мұқтаж отбасыларға үлестірілді.

«Тайқазан» қайырымдылық акциясы арқылы 62 458 отбасы азық-түлікпен қамтылды.

Жыл бойы киім-кешек түріндегі көмек көрсетіліп, 18 436 отбасы қажетті заттармен қамтамасыз етілді.

«Қолдан – қолға» жобасы аясында 8 259 отбасыға қаржылай қолдау көрсетілді.

«Білім» жобасы арқылы 752 шәкіртке білім алу жолында қайырымдылық көмегі жасалды.

2025 жылы мешіттер мен медреселерге 473 түрлі көмек көрсетілді.

Ақпараттық бағыттағы жұмыстар шеңберінде ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының ресми әлеуметтік желі парақшаларында 5 478 жаңалық жарияланды.

Маусымдық қайырымдылық шаралары аясында «Мектепке жол» жобасы бойынша әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 25 735 балаға оқу құралдары таратылды.

«Раббың үшін құрбан шал» жобасы барысында 76 012 отбасыға құрбандық еті жеткізілді.

Қасиетті Рамазан айында ұйымдастырылған «Шарапатты Рамазан» жобасы аясында 248 412 ауызашар себеті мұқтаж жандарға үлестірілді.

Зекет және ұшыр жинау-тарту жұмыстары шеңберінде шаруа қожалықтары мен бизнес өкілдері қатысқан 900 кездесу өткізілді. Сонымен қатар «Ұшыр жинап тарату» жобасы арқылы республика бойынша 35 тонна көкөніс, жеміс-жидек және дәнді дақылдар, сондай-ақ 1 тонна ет жиналып, мұқтаж жандарға таратылды.

Зағип жандарға арналған «7 нүкте» оқу орталығында Құран Кәрім мен Құран әліппесі Брайль қарпімен Зекет қорының қолдауымен басылып шығарылды. Қазіргі таңда 35 шәкірт білім алуда, ал 10 ұстазға арнайы оқыту сертификаттары табысталды.

Жалпы 2025 жылы қайырымдылық бағытында 16 087 іс-шара ұйымдастырылып, 385 338 отбасы түрлі көмек түрлерімен қамтылды.








Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру