Жамбыл облысындағы 16 мешіт мүфтият меншігіне өтті

21 қаңтар 2019 6339 0
Оқу режимі

Жамбыл облысында жеке меншіктегі 16 мешіт ғимараты мен жер телімі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының меншігіне өтті. Сондай-ақ, осы бағытта 19 мешіттің құжаттары  рәсімделіп жатыр. Ал, 4 мешітті ҚМДБ меншігіне өткізуге кедергілер бар деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Облыстық дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров бүгінде шетелде діни  білім алып жатқан 26 жамбылдық азаматтың 10-ы – сенімді, 16-сы – күмәнді оқу орындарында оқып жүргенін айтады.

«Басқарма шетелдік діни оқу орындарында білім алып жүрген облыс жастарын отандық білім ордаларына қайтару жұмысын белсенді жүргізіп жатыр. 2018 жылдың басында 40 адам шетелде діни білім алып жатқан еді, жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 14 азамат елге оралды», – дейді Жангелді Омаров.

Басқарманың мәліметіне сүйенсек, өткен жылы «Нұр Мүбәрак» университетінің оқытушылары өңірдегі 100 имамға 2 апталық оқыту курсын ұйымдастырған. Бұған дейін имамы болмаған облыстағы 16 мешіттің де мәселесі шешіліп, олар діни қызметшілермен қамтылды. Мектептегі «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінен сабақ беретін  барлық мұғалім арнайы курстан өткен. Сонымен қатар, пәнді меңгеру деңгейін анықтау үшін 450 мұғалім, 16127 оқушының қатысуымен тестілеу жүргізілген. Еске сала кетейік, облыс әкімі Асқар  Мырзахметов жауапты тұлғаларға жеке меншіктегі мешіттерді ҚМДБ-ның меншігіне өткізуде уақыт созбай, тиянақты жұмыс жүргізуді тапсырған болатын.

 

Дереккөз: Қазақпарат

Пікірлер Кіру