ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА ҚМДБ ӨКІЛДІГІ АШЫЛЫП, БАС ИМАМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

15 шілде 2022 2826 0
Оқу режимі

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен мүфтияттың Жезқазған қаласында арнайы өкілдігі ашылып, жаңадан құрылған Ұлытау облысының бас имамы тағайындалды.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ұлытау облысы бойынша өкілдігі ашылып, Жезқазған қаласындағы «Ахмет Ишан Оразайұлы» мешіті облыстық орталық мешіт болып танылсын» делінген Бас мүфти бұйрығында.

Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасының бұйрығымен осыған дейін Қарағанды облысы Теміртау қалалық «Жақып Ақбай» мешітінде имамдық қызмет атқарған Елдос Жұмаділда Ұлытау облысының және Жезқазған қаласындағы «Ахмет ишан Оразайұлы» орталық мешітінің бас имамы болып тағайындалды.

ҚМДБ Төраға орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Мырзабаев Жезқазған қаласында жамағатқа жаңа имамды таныстырып, Бас мүфти бұйрығын оқып берді. Ал осыған дейін аталған өңірде имамдық қызмет атқарған Нұрперзент Еламанұлы ҚМДБ Төрағасының бұйрығымен Ұлытау облыстық «Ахмет ишан Оразайұлы» орталық мешітінің ұстазы болып тағайындалды. Сонымен қатар Нұрперзент Еламанұлына Бас мүфти алғыс хаты табысталса, жамағат атынан құрмет көрсетіліп, иығына шапан жапты.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру