ТҮРКІСТАНДА ТҮРКІТІЛДЕС МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ «МҮФТИЛЕР АЛҚАСЫ» ӨТТІ (ФОТО)
Бүгін Түркістан қаласында түркітілдес мемлекеттердің «Мүфтилер алқасы» өтті.
Мәжіліске Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркия Дін істері басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әли Ербаш, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, Бас мүфти Аллашүкір Паша-Заде, Өзбекстан мұсылмандары басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Хамитжан Ишматбеков қатысты.
«Мүфтилер алқасын» ашқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Аллаға шүкір, қазір түркі мемлекеттерінің арасындағы экономикалық, әлеуметтік, әріптестік бағытындағы байланыстар нығайып келеді. Ендігі кезекте рухани байланысты арттыру аса маңызды бағыттың бірі болып отыр. Бүгінгі тарихи басқосудың өзі біздің арамыздағы бауырмалдық байланыстың артуына үлкен серпін береді деп сенемін», – деді.
Басқосуда Бас мүфтилер түркі мемлекеттерінің рухани бірлігін нығайтудың маңызын талқылады. Сонымен қатар түркітілдес елдердің ортақ мұраларын дәріптеу, Ахмет Ясауи бабамыздың, сонымен қатар түркі дүниесіне ортақ Қорқыт ата, Ясауи, Мәуләна, Нәуәуи, Манас мұраларын насихаттау, Матуриди сенім мектебі мен Әбу Ханифа мәзһабын халыққа жеткізу, діни оқу-ағарту саласы бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру, жаһандық сын-қатерге жауап беруде мұсылман үмбетінің өзара ынтымағын арттыру, діни мерекелерді бір күнде атап өту, ортақ пәтуалар қабылдау, деструктивті діни ағымдардың теріс үгіт-насихатына жол бермеу жұмыстары бойынша ортақ келісімге келді.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі