«Shaurma Food» қызметкерлеріне семинар өткізілді

24 тамыз 2022 2892 0
Оқу режимі

«QMDB Halal» оқыту және білім жетілдіру орталығында «Shaurma Food» фаст-фуд дәмханасының басқарушы директорларына оқу-семинар өткізілді. Семинарды «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы мен технолог Айзат Ермекқызы  жүргізді.

Оқыту барысында шариғатымыздағы халалдың орны мен маңызы жөнінде түсіндірген Айбек Асқарбекұлы: «Алла Тағаланың ұлы сөздері қасиетті Құран Кәрімде адамзат баласына көл-көсір нығметтер беріп, жер бетіндегі халал мен харам нәрселердің ара жігін ажыратып көрсеткен. Алла пендесі үшін нені халал десе, ол сырда қайыр мен хикмет бар, ал нені харам десе, онда адам ғұмыры үшін ұшан-теңіз зиянның бар екендігі күмәнсіз. Осы турасында «Бақара» сүресінің 168-аятында былай деп түсіндіреді: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!», «Мәида» сүресінің 88-аятында: «Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» делінген», – деп халалдың салмағы мен сұрауы жөнінде мағұлмат берді.

Сондай-ақ технолог маман Айзат Ермекқызы халал өнімдер технологиясы мен стандарт талаптары, зертханалық тексерістің маңыздылығы, тағамдық қоспалардың өндірісі жөнінде баяндады. 

Сонымен қатар, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру