ҚҰРБАН-2022 ҚОРЫТЫНДЫСЫ: ҚМДБ 129 040 жанұяға құрбандық етін үлестірді (ФОТО)

13 шілде 2022 3601 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен республика көлемінде «Qurban-2022» қайырымдылық акциясы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

9-11 шілде аралығында өткен мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айт күндері Qurban2022.kz сайтына тапсырыс беру арқылы онлайн және жергілікті қасапханаларда офлайн форматта құрбан шалынды. Мерекеге орай арнайы құрылған жұмыс штабы құрбан шалу рәсімдерін республика көлемінде ұйымдастыруды қолға алып, бүгінде жүйелі жұмысын сәтті аяқтап отыр.

Қорыта айтсақ, еліміз бойынша Құрбан айт күндері Qurban2022.kz сайтына 1 802 тапсырыс берілсе, 2 712 мұқтаж отбасыдан ет алу жөнінде өтініш келіп түскен. Республика бойынша ұзын саны 1509 адамнан құралған бірнеше штаб құрылып, 49 қасапханада 198 қасапшы тапжылмай жұмыс істеді.

Еліміз бойынша құрбан шалу рәсімі барысында жалпы саны 34 838 мал сойылса, оның 31 053-і – қой, 2444-і – ешкі, 1322-сі – сиыр, ал түйе саны – 19. Осылайша 797 тонна ет 129 040 отбасыға дін қызметкерлері және еріктілердің көмегімен жеткізіліп берілді. Құрбандық еті арнайы мекемелерге де таратылғанын айта кеткен жөн. Мәселен кейбір өңірлерде мүгедектер қоры, зағиптар қоры, ауруханалар мен ардагерлерге еріктілер құрбан етін есігінің алдына дейін апарып берді.

Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы барша дін қызметкерлеріне, имамдарға, құрбан шалуды онлайн және офлайн форматта жүзеге асыруға жәрдемдескен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, облыстық, жергілікті әкімдіктер мен құрбан шалу рәсіміне атсалысқан барша ақжүрек азаматтарға, жаны жомарт кәсіпкерлер мен еріктілерге шексіз алғысын білдіреді. Еліміз түрлі ауыртпашылық пен індет атаулыдан аман болып, жылдан есен айттан айтқа жете бергей! Алла Тағала бізден және сіздерден қабыл етсін! 

 

 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру