ҚОСШЫ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ (ФОТО)

14 сәуір 2023 2806 0
Оқу режимі

ҚМДБ Астана қаласы өкілдігі мен Қосшы қаласы әкімдігі «Жастар ресурстық орталығы» КММ бірлесе отырып, Елорда маңындағы Қосшы қаласында «Ізгі қоғам және біз» атты рухани кеш өткізді.

Тағылымды кездесуге Қосшы қаласының тұрғындары, студенттер мен оқушылар қатысты.

Бүгінгі шараның негізгі мақсаты –  ізгі қоғам қалыптастыруда «біз» не істей алатынымызды ойлауға итермелейді. Сондықтан, жиылған қауымға   «Қайырымды қала тұрғындары» шығармасының авторы Әбу Насыр әл-Фараби туралы деректі фильм көрсетіліп, игі шараның мән-маңызын ашыла түсті.

Тағылымды кездесуді Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы алғы сөз сөйлеп ашып берсе, кейіннен ҚМДБ Астана қаласының өкіл имамы Ерболат Нұрылдаұлы сөз алып, бүгінгі шараның маңыздылығын атап өтті. Арнайы шақырылған қонақ ҚМДБ «Халал Даму» орталығының директоры директоры Айбек Асқарбекұлы «Адал астың маңызы» туралы дәріс оқып, жиі тұтынатын, денсаулыққа зиян тағамдардан бас тартуға шақырды. Ізгі қоғам қалыптастыруда интернетке тәуелділік жолға тұсау болатынын ескерген Қосшы қаласындағы «Бөгенбай батыр» мешітінің бас имамы  Төлеген Арғынбайұлы бос уақытты тиімді пайдалану туралы уағыз-насихат айтты. Сондай-ақ, рухани кешке айтыскер ақын, жыршы, термеші Еркебұлан Қайназаров та қатысып, мұсылман жұртшылыққа әннен шашу шашып, өз арнауын оқыды.

Жастардың тура жолдан  адасып, көлденең көк аттыға еріп кетпеуін ескерген ұйымдастырушылар дінтанушы, теолог Абзал Сарденұлын шақыртып, жат ағымнан сақтану жолдары туралы ақпаратпен бөлісті.

Түрлі ақпаратқа қаныққан жұртшылық кеш барысында ұлттық күш спорт түрлерінің шебері, рекордсмен Арман Көшербайұлының өнерін тамашалады.

Қасиетті Рамазан айында өткізілген игі шараның соңында оразаға қатысты викториналық сұрақтар қойылып, сыйлықтар берілді.

Қосшы қаласының әкімі ізгі шараның өтуіне ұйытқы болған барлық ұйымдастырушылар мен қонақтарға алғыс хат табыстап, өз ризашылығын білдірді.

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру