ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС: 2000-НАН АСТАМ ІС-ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қоғаммен байланысқа ұдайы көңіл бөліп келеді. Осы бағытта жыл басынан бері 2000-нан астам іс-шара атқарылды. Бұл туралы ҚМДБ Қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет айтты.
Кеңейтілген Орталық аппарат жиналысында Нұрбек Әуесханұлы «Қоғаммен байланыс» бағытында қаңтар-тамыз айларының есебін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына баяндады.
«Діни басқарма 2022 жылды «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» деп жариялап, осыған орай ауқымды іс-шаралар атқарылды. ҚМДБ жанынан республикалық Ақсақалдар кеңесі құрылып, алғашқы форумы елордада, Батыс өңірі ақсақалдарының форумы Ақтау қаласында ұйымдастырылды. Қоғамдағы діни мәселелерді талқылап, олардың шешу жолын қарастыратын Сарапшылар кеңесі құрылып, күні бүгінге дейін үш мәжілісі өтті. Бұдан бөлек көпке танымал блогерлер және БАҚ өкілдерінің Бас мүфтимен бейресми кездесулері ұйымдастырылды» деді бөлім меңгерушісі.
Сондай-ақ Нұрбек Әуесханұлы «Қоғаммен байланыс» бағытына қарасты Қажылық, Мешіт істері бөлімі мен «Халал Даму» мекемесінің жұмыс есебін де баяндап өтті.
«Екі жылдық үзілістен кейін биыл қажылық маусымы қайта жанданып, елімізден үлкен қажылыққа 4000 адам барды. 530-ға жуық мешітте қажылық пен ұмраға ниеттенген жамағатқа қасиетті сапар негіздерін үйрететін арнайы курстар ұйымдастырылды. «Tawaf Travel» компаниясы арқылы 391 адам ұмраға, 295 адам үлкен қажылыққа барып келді.
Биыл еліміз бойынша 57 мешіт жамағат игілігіне пайдалануға берілсе, 241 мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Жыл басынан бері 335 кәсіпорын «Халал Даму» сертификатын иеленсе, 216 кәсіпорын сертификатын жаңартқан. «Халал – шариғат талабы» анықтамалық құралы «Muftyat» баспасынан жарық көрді. Android және App Store жүйелерінде «Halal Guide» мобильді қосымшасы іске қосылды, сондай-ақ «QMDB Halal» оқыту орталығында қызметкерлердің біліктілігін арттыру курстары үздіксіз жүргізілуде» деді ол.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі