ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

31 қаңтар 2024 1471 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан облысына сапары барысында аймақ басшысы Дархан Сатыбалдымен кездесті.

Кездесуде өңірдегі діни ахуал, жаңадан ашылатын мешіттер, аймақтағы дін қызметкерлерінің білімін жетілдіру, Түркістанның рухани дамуы төңірегінде сөз болды.

Бас мүфти бастаған делегацияны жылы қабылдаған Дархан Амангелдіұлы ең әуелі жылдың алғашқы сапарын түркі әлемінің астанасынан бастағандығына қуанышын білдірді. Дін қызметкерлерімен әркез тұрақты байланыста екенін айтқан өңір басшысы биыл Ясауи мұраларын жан-жақты насихаттау, дәстүр құндылығы бастамасын қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ «Қылует» рухани-мәдени орталығының құрылысы басты назарда деді әкім.

Өз кезегінде Бас мүфти аймақ басшысына ризашылығын жеткізіп, Діни басқарма 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялағанын айтып өтті. Соның аясында жыл басын киелі Түркістаннан бастап, бүгін осы жерде дін мен дәстүрге арналған айтулы конференция өтетінін тілге тиек етті. Имамдардың білімін көтеруге арналған оқу орнының ашылуы өте құптарлық бастама деді Наурызбай қажы Тағанұлы. Сонымен қатар Бас мүфти Ясауи мұраларын насихаттауға арналған айтулы жиын жоспарда бар екенін жеткізді.

Кездесу соңында тараптар ортақ жобаларды бірігіп қолдайтынын мәлімдеді. 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі 

Пікірлер Кіру