ҚМДБ төрағасы қажылық мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді (ФОТО)

11 мамыр 2022 2968 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған делегация жұмыс сапарымен Сауд Арабия Корольдігіне келді. Делегация жұмыс сапарын САК Қажылық және ұмра министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиа мырзамен кездесуден бастады.

Кездесуде биылғы қажылықты ұйымдастыру мәселелері сөз болды. Бас мүфти Қазақстан мұсылмандарының сәлемін жеткізіп, делегацияға көрсеткен құрметі үшін ризашылығын білдірді.

Кездесуде Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандық қажыларға барынша қолайлы жағдай жасау бойынша өз ұсынысын жеткізді. Оның ішінде ең маңыздысы қажыларды жеткізетін әуе тасымалының тиімді бағада болуы турасында келіссөздер жүргізілді. Өйткені чартерлік әуе рейстерінің бағасы қазақстандық қажылар үшін қымбатқа соғуда.

«Екі жылдық пандемиялық үзілістен кейін үлкен қажылықтың қайта басталғанына қуаныштымыз. Қазақстан мұсылмандарына қажылығын қолайлы өтеу үшін жасалып жатқан мүмкіндіктер үшін алғыс айтамыз. Ендігі мақсат қажыларға қажетті жағдай жасау. Осы бағытта өзіңіз басқарып отырған министрлікпен келісімге келе отырып, екіжақты жұмыс жүргізу», – деді Бас мүфти.

Ал өз кезегінде САК Қажылық және ұмра министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиа қазақстандық қажыларға барынша қолдау көрсететінін айтты.

«Қазақстан мұсылмандарына менен де дұғай сәлем жолдаңыз. Мен Қазақстанда бірер жыл бұрын іссапармен болдым. Өзіңіз бастап келген ҚМДБ делегациясымен кездескеніме қуаныштымын. Үлкен қажылық барысында қолдауға әзірміз», – деді  министр мырза.

Қажылар үшін 50/50 чартерлік әуе тасымалының қымбатқа түсуіне байланысты жеңілдіктер жасау туралы Бас мүфтидің өтінішіне қатысты Қажылық және ұмра министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиа бұл тек қана Қазақстанға емес бүкіл әлемге қойылған талап екенін және үшінші мемлекет арқылы тұрақты рейспен тасымалдауға рұқсат жоқ екенін айтты. Дегенмен бұл мәселеге қатысты тікелей өкілетті және жауапты САК Азаматтық авиация Бас ұйымы (GACA) арқылы шешу үшін келіссөздер жүргізуге қолайлы жағдай жасалатынын атап өтті. Сондай-ақ екіжақты кездесу барысында биыл қазақстаннан 3 000 адам қажылық парызын өтейтіні туралы келісілді.

Сонымен қатар Сауд Арабия тарапы  Қазақстанға берілген ресми 3 мың қажылық орындарынан тыс бөлек САК аумағына қажылық маусымында кіруіне ешкімнің жол бермейтіндігін ашып айтты.

Бүгінгі Қажылық және ұмра министрімен болған кездесуге ҚМДБ делегациясы және Жиддадағы Бас консул Талғат Шалданбай  қатысты.

Айта кетейік, бұған дейін ҚМДБ 3 000 қажылық орындарының 14 туристік операторларға конкурстық негізде берілгенін жариялаған болатын.

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру