ҚМДБ төрағасы Қалауын сұлтан мешітіне зиярат жасады (ФОТО)

09 маусым 2022 3889 0
Оқу режимі

Мысырға сапары барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған ҚМДБ делегациясы Каирдегі Қалауын сұлтан мешітіне барып, қабірін зиярат етті.

Мешіт қызметкері делегация мүшелеріне тарихтан сыр шертетін ғимарат жайында жан-жақты мәлімет берді. Ол Мәмлүк сұлтандығын құрған ықпалды тұлғалар арасында Айбек, Құтыз, Бейбарыс сұлтандармен бірге Қалауын сұлтанның да есімі жиі аталатынын атап өтті.

Қалауын сұлтан өз заманында Ислам өркениеті мен Мысырдың дамуына зор үлес қосқан. Ол Каирде зәулім медресе салдырып, бұрын-соңды болмаған Каир ауруханасын тұрғызған.

Қалауын сұлтан мешіті Мысырдағы ең көне ғимараттың бірі саналады. Мешітте ыстық ауаны салқын ауамен алмастыратын табиғи желдеткіш жүйесі бар. Ал мінбердегі имам дауысы бүкіл мешіт ішіне толықтай естіледі. 1284-1285 жылдары салынған бұл ғимаратта сәулет өнерінің озық үлгілері көрініс тапқан. Көне мешітті зиярат етушілер саны жыл сайын артып келеді. Айта кететін тағы бір жайт, мешіт қабырғалары мен есік жақтауларында қазақтың қошқар мүйіз оюы бейнеленген.

Бас мүфтимен бірге мешітті аралаған Қазақстанның Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф делегация мүшелеріне тарихи деректерден сыр шертті. «Қалауын сұлтан 1279 жылы 57 жасында Мысыр мен Шам елінің билеушісі болып таққа отырды. Қалауын мен оның ұрпақтары Мәмлүктер мемлекетін 103 жыл бойы басқарған. Жергілікті халық қыпшақ сұлтаны Қалауынды 11 жыл бойы әділетті билік жүргізгені үшін қатты құрметтеген. Есімі араб тарихында алтын әріппен жазылған, «қара қылды қақ жарған» Қалауын сұлтанның есімін қарапайым халық осы күнге дейін зор қошеметпен атайды» деді Қайрат Лама Шариф.

Қалауын сұлтан мешіті аумағында Қалауынның өзі және ұлы Насыр Мұхаммед пен немересі Имад ад-дин жерленген. Бас мүфти бастаған делегация Құран аяттарын оқып, олардың рухына дұға бағыштады.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру