ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ БАС МЕШІТТЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ (ФОТО)

17 наурыз 2023 2285 0
Оқу режимі

Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ жанындағы Республикалық бас мешітте жұма уағызын айтты.

«Рамазан – мейірім айы» тақырыбында уағыз айтқан Бас мүфти: «Рамазан айы – күллі мұсылман әлемі үшін қасиетті де берекелі ай. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл ай кіргенде адамдарды былай деп сүйіншілейтін болған:  «Сендерге Рамазан айы келді, бұл берекеге толы ай. Алла осы айда оразасын парыз етті. Бұл айда жәннат есіктері айқара ашылып, тозақ есіктері жабылады».

Ата-бабаларымыз да бұл ай кірісімен бір-бірлерін құттықтап, балалар үй-үйді сүйіншілеп: «Мұхаммед үмбетіне айтқан жарапазан, оразаң қабыл болсын ұстаған жан!» – деп, жарапазан айтатын.

Бұл айда адамзат баласын тура жолға, білімділік пен бейбітшілікке үндеген Қасиетті Құранның алғашқы аяттары түскен. Бұл қасиетті айды күллі мұсылман жұртшылығы сағынып, ерекше қадірлеп, асыға күтіп алады.  Алла Тағаланың әміріне бас иіп, ораза ұстап, мұқтаждарға жәрдемдесіп, тағат-құлшылықтар жасап, жан дүниесі рухани демалады» деді.

ҚМДБ Төрағасы жұма намазынан кейін елорда жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру