ҚМДБ қызметкерлері – Дағыстан төрінде
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен Дағыстан Республикасына жұмыс сапарымен барған Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл мен кеңсе меңгерушісі Нұрбол Шайқыұлы халықаралық конференция аясында бірқатар іс-шараларға қатысты.
ҚМДБ қызметкерлері «Религиозные и семейные ценности в деле сохранения традиций: вызовы настоящего и решения для будущего» халықаралық конференциясының кезекті секциясы өткен Мемлекеттік техникалық университетінің студенттерімен кездесуге қатысты. Хасан Аманқұл студенттерге «Дәстүрлі құндылықтар және рухани тәрбие сабақтастығы» тақырыбында дәріс оқыды.
Бұдан кейін Діни басқарма қызметкерлері Дағыстан мүфтиі шейх Ахмад афандимен арнайы кездесіп, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізді. Сонымен қатар Дағыстан Республикасының мүфтиятына зиярат жасап, «Оқу-ағарту», «Ғылым», «Пәтуа», «Татуластыру» бөлімдерінің жұмысымен танысты және қалада салынып жатқан Еуропадағы ең үлкен мешіттің құрылысын барып көрді.
Сапар соңында, қазақстандық делегаттар балалар үшін арналған спорт секциясына барып жас спортшылармен кездесу өткізді. Хасан Аманқұл оларға Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Күшті мұсылман әлсіз мұсылманнан жақсырақ», «Балаларға суда жүзуді, садақ атуды және атқа мінуді үйретіңдер» деген хадистердің мазмұнын түсіндіріп, дене шынықтырудың діндегі орны жайында әңгімелеп берді.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі