ҚМДБ ОРТАЛЫҚ АППАРАТ ЖИНАЛЫСЫ ӨТТІ (ФОТО)
Бүгін елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен орталық Аппарат жиналысы өтті. Жеті бағыт бойынша есеп беру жалғасып, республика көлемінде 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында атқарылған жұмыстарды бөлім меңгерушілері Бас мүфтиге баяндады.
Жиын барысында қоғаммен байланыс, уақып және қайырымдылық, сондай-ақ діни оңалту бағыттары бойынша тоғыз айда атқарылған игі істер мен ауқымды жобалар назарға ұсынылды.
«Дәл қазір қоғаммен байланыс, уақып пен зекет істері де, діни оңалту да үлкен маңызға ие. Еліміздің рухани әлеуетін көтеруде сауабы үзілмейтін уақып амалын қоғамға кеңінен насихаттап, әрдайым қайырымдылық істерінің жаршысы болуға тиіспіз. Деструктивті діни ағымдардың, теріс түсініктердің алдын алуға мұсылман үмметі де, мемлекет те мүдделі болып отыр. Сондықтан жат діни түсінігі қалыптасқан жандарға тура жол көрсету күн тәртібінен түспейтін мәселе» деп атап өтті ҚМДБ Төрағасы.
Бас мүфти екі күнге созылған Аппарат жиналысын қорытындылай келе, бөлім меңгерушілері мен мекеме басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі