ҚМДБ: Айттың екінші күнінде 33 981 отбасыға құрбандық еті үлестірілді (ФОТО)

11 шілде 2022 3477 0
Оқу режимі

Қасиетті Құрбан айттың екінші күнінде де еліміз бойынша құрбан шалу рәсіміне қатысты ұйымдастыру-үйлестіру жұмыстары жүйелі түрде өтті.

Үйлестіру жұмыстарына бекітілген ҚМДБ және мешіт қызметкерлері өз міндеттерін тиісті деңгейде орындады.

Мұсылман қауымының ұлық мейрамында қайырымдылық шарасын жандандыра түсу мақсатында құрылған арнайы жұмыс тобы Құрбан айттың екінші күні республика бойынша 6578 қой, 618 ешкі, 456 ірі қара мен 11 түйе сойылса, 33 981 мұқтаж отбасыға құрбандық еті жеткізілді.

Сондай-ақ еліміз бойынша www.qurban2022.kz сайтына қашықтан құрбан шалуға тапсырыс берген азаматтардың уәкілдік құрбандығы да ойдағыдай орындалды. Айттың екінші күні qurban2022.kz сайты арқылы құрбан шалуға 1 591 тапсырыс келіп түссе, 1149 қой, 239 ешкі, 36 ірі қара және 7 адам бірігіп шалу бойынша 170 ірі қара сойылыпты. Осы уәкілдік құрбандығының есебін қажет еткен жандарға атқарылған іс-шаралардың фото, видео мәліметі жіберілді.

Еске салайық, айттың бірінші күні (09.07.2021) ҚМДБ-ның аймақтағы өкілдіктері көмекке зәру 46 807 отбасыға құрбандық етін жеткізіп, мерекелік қуанышқа бөлеген болатын. Жалпы алғанда, яғни, барлық облысты қамтығанда Құрбан айттың екі күнінде 80 788 жанұяға ет жеткізілді.

Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қайырымдылық шарасына белсенді түрде атсалысып, мұқтаждың мұңын бөлісіп, сауапқа үлес қосқан барша азаматтарға, сондай-ақ жекелеген кәсіпорындар мен ұйымдардың басшыларына айрықша алғыс айтамыз.

Алла Тағала жасаған қайырымдылықтың қайырын өздеріңізге еселеп қайтарсын деген дұға-тілектеміз.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру