Қарағандыда бірліктің бірегей белгісі болған мешіт ашылды

03 қазан 2018 7666 0
Оқу режимі

0 қыркүйек күні Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Үштөбе елді мекенінде еңселі мешіттің ашылу салтанаты өтті. Мешіт толықтай ауыл тұрғындарының қаражат, қажыр-қайратымен салынған. Мешіт үш қабаттан тұрады: төменгі қабатында асхана, ерлер және әйелдерге арналған дәретханалар жүйесі және мәйіт жуатын бөлме бар. Үстіңгі қабатында Құран оқу бөлмесі, оқу сыныбымен қатар 300 адам намаз оқитын ерлер залы және имамның бөлмесі орналасқан. Ал жоғарғы қабатында әйел адамдарға арналған оқу сыныбы және 80 адам намаз оқитын үлкен зал бар. Мешіттің жарық жүйесін «Қарағанды-Жарық» ЖШС Бас директоры Нұржан Ибрагимұлы Иманов тегін қосып берген екен. Алыстан аңғарылатын алтын жалатылған күмбезінің материалын Ресейден тапсырыспен сауап үміт еткен бір кәсіпкердің отбасысы алдырып беріпті. Әлеуметтік желілер арқылы көпшілік құлағдар болған мешіт құрылысына Үштөбе орта мектебінің бастауыш сынып оқушылары да үлес қосыпты. Ата-аналары мектепке барарда беретін азын-аулақ қаражатты жинап, өздері тамақ ішпесе де мешіт құрылысы тоқтамасын деген ниетпен мешітке берген екен. Қарттар үйінде жатқан кейуана да қолындағы бар қаражатын мешітке бергенін естіген көпшілік бір толқыды.

Осылайша көп түкірсе көл боларын Үштөбе мешіті тағы бір дәлелдеді.

Мешіттің ашылу салтанатында сөз алған облыс өкіл имамы Өмірзақ қажы:

«Осындай еңбекпен салынған мешіт енді жамағатпен көркейсін. Бес уақыт намазда мешіттен табылыңыздар. Балаларыңызды мешітке имандылық сабақтарына әкеліңіздер. Мешіт сонысымен көрікті болмақ» - деп көпшілікке ой тастады.

Ашылу салтанатына Астанадан Алаштың ардақты ақыны Аманжол Әлтаев, «Хабар» арнасының елге танымал журналисі Зейін Әліпбек арнайы келген екен. Қосшы елді мекенінде орналасқан Республикалық қарилар орталығының директоры Сәдуақас қари Олжабайұлы да мешіт ашылу салтанатының құрметті қонағы болды.

Ашылу салтанатында сөз алған облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Мирас Құттыбай:

«Бұл мешіт ел бірлігі мен әлеуметтік желінің әлеуетін дәледеп берген мешіт болды» - деп құттықтау сөзін жеткізді.

Аудан әкімінің орынбасары Арман Шәлиұлы мен ауыл әкімі Елтай Жамантайұлы аудан басшылығының ыстық ықыласы жеткізіп, жамағатты қуанышпен құттықтады.

Дереккөз: http://muftyat.kz

Пікірлер Кіру