Қадір түнінде Бас мешіттен тікелей түсірілімдер жүргізілді (ФОТО+ВИДЕО)

09 мамыр 2021 5006 0
Оқу режимі

Кеше күллі әлем мұсылмандары мың айдан да қайырлы Қадір түнін өткізді. Сауабы сексен үш жылға татитын теңдессіз түнді құр жіберіп алмауға тырысқан мұсылман үмметінің бұл түнгі дұға-тілектері, құлшылық-ғибадаттары, кешірім сұраған сөздері мен айтқан салауат-зікірлері таң атқанша толастамады. Алла Тағала барша мұсылман үмметінің бұл түнгі амалдарын қабылдыққа жазғай!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі пандемиялық жағдайды ескеріп, қауіпті дерттің таралуын алдын алу үшін қасиетті Қадір түнінде мешітте орындалатын діни рәсімдер онлайн режімде өтетінін мәлімдеген болатын. Халықтың денсаулығы мен өмірі бәрінен қымбат құндылық болғандықтан, кеше мешіт ғимараттары түгелдей жабылған еді.

Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Ұлттық арнасы мен ҚМДБ-ға қарасты «Халық арнасы» арқылы қасиетті Қадір түнінде тікелей түсірілімдер жүргізілді. «Мың айдан да қайырлы Қадір түні» деген атаумен көк экраннан көрерменге жол тартқан тағылымды хабарларды,  сондай-ақ, мешіт ауласына орнатылған Led экрандар арқылы жиылған жамағат та тамашалап отырды. Және де ҚМДБ-ның әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары – МУФТИЯТ ҚМДБ youtube каналы мен muftiyatkz instagram каналы арқылы көрсетілді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы мен басқа да бөлім меңгерушілері бірінен соң бірі жалғасқан қос телеарнаның тікелей түсірілімінде Қадір түнінің қасиеті жайында, бұл түнгі құлшылықтар хақында, басқа да тақырыптар бойынша тағылымды уағыз айтып, көрерменге көптеген пайдалы кеңестерімен бөлісті.

Сондай-ақ, бағдарлама аясында қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары да арнайы сұхбатқа шығып, Қазақстан халқына өз құттықтау лебіздерін білдіріп отырды. Бұл түні тікелей эфир арқылы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құран хатым дұғасын оқып, ел иглігі мен амандығын тілеп бата жасады.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру