«Нұр-Мүбарак» студенттері ауыр науқасқа шалдыққан курстастарына арнап қайырымдылық жәрмеңкесін өткізді (ФОТО)

18 ақпан 2019 6025 0
Оқу режимі

Нұр-Мүбарак университетінің студенттері қатар оқитын Сұлтан Едігеге көмек ретінде қайырымдылық жәрмеңкесін өткізді. Болашағынан зор үміт күттірген 3 курс студенті Сұлтан Едіге күтпеген ауыр кеселге шалдыққан болатын.

Анасынан 5 жасында айырылған Сұлтан жалғыз әкесінің тәрбиесінде өскен. Бір ай бұрын аяғына белгісіз жара шығып, дәрігерлер анықтай алмай әуре-сарсаңға түскен Сұлтанға бірнеше рет қате диагноз қойылып, 2 рет ота жасалған. Сонда да кеселдің беті қайтпаған соң ауруханаға жатқызылған  Сұлтанға юинг саркомасы деген қатерлі ісік диагнозы қойылды. Анализдер шетелдік озық клиникаларға жіберіліп, диагноздың қатерлі ісік екендігі расталып, толық айығуға үміт бар деген хабар алған.

Болашақтан үміті зор жас жігіт ауруды жеңіп шығатынына сенімді. Түркия қабылдауға дайын, алайда Сұлтанның түбегейлі емі үшін 56 млн теңге қажет. Сондықтан қатар жүрген замандастарына көмекке жұмылған Нұр-Мүбарак университетінің студенттері қасиетті жұма күні намазға келетін жамағатқа арнап қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырды. Студенттер қолдан келгенше түрлі дәмді тағамдар пісіріп, өздерінде бар кітаптарына дейін сатуға шағырап, түскен қаржыны Сұлтанның еміне жұмсамақ. Сондай-ақ намаздарында дұға-тілек жасауда. 

Адамды бақытқа жетелейтін мейірім мен махаббат екенін ескерсек, мейірім қайырымдылық арқылы көбейеді. Халқымыз «Садақаны сауыңда бер» деп бекер айтпаған. Өйткені қасиетті Құранда 200-дей жерде Алла жолында садақа беру, мал-дүниесін жұмсаудың артықшылығы айтылған. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) садақаның артықшылығы жайлы көптеген өсиет айтқан, мәселен: «Садақа беруде асығыңдар. Өйткені апат садақадан оза алмайды», - деген. Адам баласы садақа берумен сауапқа кенеліп қана қоймай, Алла Тағала оның өміріне береке дарытып қояды. Тіпті шынайы тәжірибемен машықтанған, садақаның құндылығын түсінген  мұсылмандар айлық табысының белгілі бір бөлігін  қайырымдылыққа жұмсап отырады. Сондықтан жүрегі иманмен нұрланған мұсылман, Сіз де сауапты іске ат салысып, еліме, дініме қызмет етсем деген азаматтың арамызға аман-есен қосылуына ат салыса аласыз.

Сұлтан Едігеге көмекке арналған есеп шот Kaspi Gold: 5169 4931 7107 5966
Байл.тел: +7 776 129 9017

Дереккөз: Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру