НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ МҮФТИЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫНДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ (ФОТО)
Бүгін Бакуде өткен Түркі мемлекеттері ұйымы мүфтилер Кеңесінің үшінші отырысында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасады.
Бас мүфти негізінен діни, рухани туризмді дамыту, ортақ жобаларды қолдау, көне қолжазбаларды сақтап, тарихи жәдігерлерді келешекке жеткізу жайын баса айтты.
«Ислам мәдениеті мен өркениетінің дамуына зор үлес қосқан тарихи-мәдени орындарға, тұлғалар мен шығармаларға арналған «Сенім туризмі» саласындағы жобаларды жүзеге асыру бойынша бастамаларды қолдауға дайынбыз. Бүгінгі таңда бұл ретте ҚМДБ «Дархан дала» атты жобаны қолға алды. Қазіргі таңда Өзбекстан елімен бірге осы бағытты дамытудамыз. Алдағы уақытта бауырлас елдер арасында діни туризм, зиярат жасау ісінде жан жақты қолдау көрсетуге шақырамын.
Түркі елдерінің діни, рухани және мәдени мұраларына қатысты рұқсат етілген сирек қолжазбалардың көшірмелерін алуға жәрдемдесу және оларды қорғау мақсатында түркі елдеріндегі мұражайларға бірлесіп бару жағын ерекше қолдаймын. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз тарапынан бүгінгі игі іске үлес қосуға дайын. Бауырлас елдердің бірлігі бекем, ынтымағы ырысты, жиынымыз жемісті болғай! Баршаңызға Алла разы болсын!» деді Бас мүфти.
Айта кетейік, Кеңестің бұған дейін алғашқы отырысы Стамбұлда өтсе, екінші жиыны Түркістан қаласында мамыр айында өткен болатын.
Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі