Наиб мүфти халықаралық онлайн-конференцияға қатысты (ФОТО)

28 қазан 2020 3869 0
Оқу режимі

ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы ұлтымыздың дін қайраткері, тарихи тұлға Бекет Мырзағұлұлының 270 жылдығына арналған «Түркі еліне мәшһүр тұлға – Бекет ата» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференцияға қатысты.

Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті ұйымдастырған рухани шарада ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов құттықтау сөз сөйлеп, Бекет ата туралы арнайы әзірленген бейнеролик көрсетілді.

Бұдан кейін мүйізі қарағайдай ғалымдар Досай Кенжетай, Саят Ыбырай, сондай-ақ, Өзбекстаннан арнайы қосылған тарих ғылымдарының кандидаты, Хиуа «Ичан-қала» музей-қорығының ғалым хатшысы, Түркиядан тарих ғылымдарының докторы Әшірбек Муминов баяндама жасады. Ал өз кезегінде наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы конференция жұмысына сәттілік тілеп, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтау сөзін жеткізді:

«Киелі Маңғыстау жайлы сыр шерткенде рухани ұстаз, әулие Бекет Мырзағұлұлына тоқталмай кету мүмкін емес. Маңғаз Маңғыстауға табан тіреген адам Бекет Ата басына барып, зиярат жасауға тырысады. Бекет Ата жер асты мешітіне барған жандар ерекше әсер алып, рухани сусындап қайтады.

Алла сәтін салып, біз де Ата басында болып, ағартушы тұлғаның рухына Құран бағыштап, ерекше әсер алдық. Біз осы сапарда ғибрат болар бір дүниені байқадық. Пір Бекеттің жер асты мешітінде шәкірт тәрбиелеумен қатар, оқшауланып құлшылық етуі бізді біраз ойландырды. Бұл амал мұсылман баласының рухани кемелденуіне үлкен әсер етеді.

Бекет Атаның жер астында жеке қалып, құлшылық амалын жасаудағы мақсаты – Алланы еске алу, сонымен қатар жүректі әртүрлі дерттен, мәселен, дүниеге шектен тыс қызығу, рия, қалауға ерік беру, біреудің кемшілігіне қуану, мақтан сөзге масаттану, т.б. дерттен арылу және оны емдеу» деп атап өтті.

НАИБ МҮФТИ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОНЛАЙН-КОНФЕРЕНЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру