МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА БІР МЕЗЕТТЕ ДҰҒА ЖАСАЛДЫ (ФОТО)

04 желтоқсан 2022 2847 0
Оқу режимі

Бүгін Халықаралық мүгедектер күні қарсаңында ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен бесін намазы кезінде еліміз бойынша бір мезетте Құран оқылып, дұға жасалды.

Астанадағы Республикалық бас мешітте өткен айтулы шараға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарға, олардың асыраушылары мен дәрігерлерге, қамқорлық танытып жүрген азаматтар үшін арнайы дұға жасады.

«Жаратқан Алла бүгінгі мешіттерімізде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жасалып жатқан дұғаларымызды қабыл ете гөр. Алла Тағала тағдырдың сынағына ұшыраған жандардың дертіне шипа, дендеріне саулық бер. Жаратқан Алла оларға тура жолыңды, иманыңды нәсіп ет. Олардың тез арада сауығып кетуін нәсіп ет. Отбасыларына амандық бер. Әмин» деді Бас мүфти жамағатпен бірге жасаған дұғасында.

Айта кетейік, Бас мешітте өткен іс-шараға бесін намазына келген жамағат түгел қатысып, баршасы дұға жасады.

Еске салайық, мүмкіндігі шектеулі жандардың халықаралық күні 1992 жылдан бері БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында атап өтіледі. Биылғы жылдың тақырыбы мүгедектердің қажеттілігін ескере отырып, пандемиядан кейінгі инклюзивті және тұрақты әлемге жол салу деп аталады.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру