МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІ ИМАМДАР ФОРУМЫНА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

29 мамыр 2023 1847 0
Оқу режимі

Бүгін Астана қаласында «Имам – ізгі қоғам жаршысы» тақырыбында ұйымдастырылған V республикалық имамдар форумына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин арнайы қатысты.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен форумда Ерлан Тынымбайұлы қоғамдағы имамдардың рөлін айрықша атап өтті.

«Имам – халықты бірлікке үндейтін, қоғамды мейірімділікке шақыратын тұлға. Адамдардың көкірегіне ізгіліктің дәнін сеуіп, жұртшылықты жақсылыққа насихаттайды. Сондықтан имамдардың ел ішіндегі орны ерекше. Соған сәйкес, оларға артылатын жауапкершілік те зор.

Имам мен жамағаттың арасында өзара түсіністік, ынтымақ пен құрмет болса, онда қоғамның тұрақтылығы да беки түседі. Жұрт арасында жүргенде имамдармен жиі жолығысып жатамыз. Сол кезде «Жамағатыңыз қалай?» деген сұрақ қоямыз. Сонда байқағаным, бүгінде имамдар жамағаттары жайында айтқанда ерекше мейірленіп кетеді. Мешітке келушілердің бір-біріне көмек қолын созып жатқанын, сүрінгенді демейтін ынтымағы бар екенін айтады.

Бұл ел бірлігінде жаңа іргетас қалыптасып жатқанын көрсетеді. Халықтың бір-біріне шарапатын тигізіп, ауызбіршілікте өмір сүріп жатқанын нақтылайды. Осыған қарап, Мүфтият пен имамдардың жұмысы табысты іске асып жатқанына куә боламыз» деді Мемлекеттік кеңесші.

 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру