МЕККЕДЕ ҚАЖЫЛЫҚ МИССИЯСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖИЫНЫ ӨТТІ

11 маусым 2024 909 0
Оқу режимі

Қазақстан қажылық миссиясы өкілдері Сауд Арабиясының Мекке қаласында алғашқы жиынын өткізді.

Басқосуға Қазақстан қажылық миссиясының төрағасы, наиб мүфти Ершат қажы Оңғар, Бас мүфтидің кеңесшілері Кенжетай Байкемелұлы мен Бижігіт Нұржігітұлы, ҚМДБ Дін мен дәстүр бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Әуесханұлы, Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов және басқа да миссия мүшелері қатысты.

Алғашқы жиында миссия төрағасы арнайы жұмыс жоспарын бекітіп, миссия мүшелеріне тиісті тапсырмалар берді.

«Біздің ең маңызды міндетіміз – қажыларымыз құлшылығын дұрыс орындауы үшін оларға лайықты қызмет көрсету. Сондықтан әр іске жауапкершілікпен, қажыларымызға жанашырлықпен қарап, байсалдылықпен, сабырлықпен, ықыласпен қарекет етуіміз керек. Әрқайсымыз өз бағыт, міндетімізге қатысты жұмыстарды жүзеге асыруда белсенді, табанды болуға тиіспіз» деді Ершат қажы Оңғар.

Сонымен қатар, жиында ұйымдастыру, ақпарат тарату, уағыз айту, дәрігерлік көмек, қажылыққа қатысты сұрақтарға жауап беру сынды бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндалды.

Бас мүфтидің кеңесшісі Бижігіт Нұржігітұлы 16 туроператорға бөлініп берілген ҚМДБ имамдарының уағыз-насихат жұмыстарын жетілдіріп, жат ағымды насихаттауға жол бермеу керектігін атап өтсе, Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов қасиетті Мекке төріне аман-есен жеткен отандастарымыз жөнінде айтып өтті.

Айта кетейік, Қазақстан қажылық миссиясы жұмысын 5 бағыт (ұйымдастыру, уағыз-насихат, алғашқы дәрігерлік көмек, пәтуа беру және ақпарат) бойынша жүргізеді. Миссия мүшелері қажылық компанияларының қызметі, отандастарымыздың хал-ахуалы мен денсаулығы, уағыз-насихат жұмыстарының жүргізілуі және ең бастысы қажыларымыздың құлшылықтарын дұрыс орындауын қадағалайды.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру