Мәди Бәпиұлының «Құран Кәрім» кітабы табылды

19 желтоқсан 2018 9281 0
Оқу режимі

ҚР Тәуелсіздігі Күні қарсаңында Павлодар қаласындағы «Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде" табылған жәдігер - күрескер ақын, әнші-композитор Мәди Бәпиұлының өзі ұстаған «Құран Кәрім» кітабын көпшілікке таныстыру мақсатында «Ұлы дала жаңғырығы» атты әдеби кеш өтті.

Мәди Бәпиұлының «Құран Кәрім» кітабы жұбайы Дина әжеміздің қолында болған, кейін оны бауыры Қабыкей Бейсенұлына берген, ал ол адамнан өнертанушы Айтжан Бәделхан алған. Кеште Мәди Бәпиұылының аталас туысы, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Арман Қани да болды.

Қазақ халқының ұлттық рухани әлемінде өзіндік өшпес із қалтырған ақын, әнші-композитор Мәди Бәпиұлының есімі қазақ музыка өнерінде Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Естай, Балуан Шолақпен қатар тұратын зор талант иесі. Жалған айыппен түрмеге қамалып, Атбасар, Қарқаралы, Семей, Омбы түрмелерінде отырды, 1916 жылғы көтеріліске үн қосты, өзінің өлеңдерінде патша үкіметі мен жергілікті бай-шонжарлардың жүгенсіздігін айыптады.

Кеш барысында ақынның фото-суреті мен бейнесуреті көрсетіліп, музей қызметкері, «Текті сөздің төресі-терме» атты республикалық жыршы-термешілер байқауының жүлдегері Оразбек Бахытқан Мәди Бәпиұлының «Қарқаралы» әнін орындады.

Ақын Мәди Бәпиұылының Құран Кәрім кітабы музей қорында сақталады.

Дереккөз: mazhab.kz

Пікірлер Кіру