Халықаралық жастар форумы үндеу жариялады

11 сәуір 2019 6111 0
Оқу режимі

Тәні сау, отаншыл, бойына рухани құндылықтарды қалыптастырған жастар қатарын көбейту – қай дәуірде болсын мемлекет алдындағы ең маңызды міндеттердің бірі болып қала береді. Бүгінде жастар саясатына қатысты басты басымдықтардың бірі – жас буынды жан-жақты білім алуға, отансүйгіштік пен патриотизмге тәрбиелеу. Осы мақсат-мұраттарды жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында елімізде 2019 жыл – Жастар жылы деп жарияланды.

Салт-дәстүрді сақтауда, әдет-ғұрыпты насихаттауда діни құндылықтардың рөлі өте жоғары. Елімізде діни татулық пен келісім, ұлтаралық бірлік пен өзара түсінік құндылықтары қалыптасқан. Осы игі дәстүрді нығайтуда жастардың үлесі үлкен. Бұл ретте жас ұрпақтың дәстүрлі діндер тарихы мен қағидаттарын, дін ғұламаларының еңбектерін терең білуі маңызды. 

Осы аталған мүдделерді ескере келе, біз жастар қауымын қоғам игілігі үшін еңбек етуге, ел ішіндегі дарынды һәм абыройлы тұлғалардың, әр саладағы ғалымдардың, ұлағатты ұстаздардың ерен еңбектерінен сабақ алып, отаншыл рухтың шынайы мәнін түсінуге шақырамыз. 

Бүгінгі таңда деструктивті діни ағымдардың ел арасына етене еніп, жастардың санасына теріс әсер ету әрекеттерін жүзеге асырып жатқаны барша жұртты алаңдатып отырған күрделі мәселе. Халықты сақтандырып, бұл үрдіске жан-жақты тосқауыл қою – баршамыздың басты мақсатымыз болуы тиіс. Біз Қазақстанның байтақ жерінде әртүрлі ұлыстардың, мәдениеттер мен діндердің өкілдері ғасырлар бойы тату ғұмыр кешіп жатқанын ұмытпауымыз керек.  Жастарға, жалпы жұртымызға толыққанды, сапалы, бәсекеге қабілетті діни білім беруде, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде зайырлы біліммен қоса, басқа да салаларды ұлттық құндылықтарымызбен сабақтастыра отырып түсіндіру туралы Үндеу жолдаймыз. 

Қорыта келе айтарымыз: кез келген мемлекеттің жарқын болашағы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірибе деңгейіне байланысты. Сондықтан қазіргі таңда елімізде жастардың рухани-танымдық тәрбиесін, жан-жақты сауаттылығын арттырудың маңызы орасан. Осы бағытта баршаңызды ортақ мақсатқа жұмылып, ынтымақтастық арттырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз.   

Нұр-Сұлтан қаласы, 2019 жыл
 

Пікірлер Кіру