КЕҢЕЙТІЛГЕН ТӨРАЛҚА МӘЖІЛІСІ ӨТТІ (ФОТО)
Республикалық бас мешітте Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген Төралқа мәжілісі өтті. Оған ҚМДБ басшылық құрамы мен облыс-өңірлердің бас имамдары қатысты.
Төралқа мәжілісінде Наурызбай қажы Тағанұлы жыл басында уағыз-насихат, діни оңалту, шариғат және пәтуа, діни білім және кадр даярлау, қоғаммен байланыс, уақып қоры, қажылық, халал стандарттау, мешіт істері, ақпарат, діни кітаптар шығару, дін істері және талдау т.б бағыттар бойынша бекітілген жұмыс жоспарының орындалуын пысықтап, нақты тапсырмалар берді.
«Жыл басында жоспарланған жұмыстардың өз уақытында орындалуына назар аударыңыздар. Жылдың аяқталуына да аз уақыт қалды. Діни басқарманың сан-салалы бағыттағы жұмыстарын сапалы әрі жоғары деңгейде атқаруға күш салыңыздар» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Төралқа мәжілісінің күн тәртібіне сәйкес мешіттерге атау беру бойынша ұсыныстар мен өтініштер қаралып, тиісті шешім қабылданды.
Жиналыста ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл аймақтардағы діни ахуал жайлы баяндап, назар аударатын мәселелерге тоқталды. Бас мүфти имамдарға діни оңалту саласындағы жұмыстарға жіті көңіл бөлуді тапсырды.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі