«ИСЛАМ – ЫНТЫМАҚ ПЕН БІРЛІК ДІНІ» КІТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ (ФОТО)
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «әл-Фараби» залында өткен 2022 жылдың қорытынды Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» кітабының танытымы өтті.
Қазақ қоғамына ынтымақ пен бірлікті, татулық пен қайырымдылықты насихаттап жүрген Қазақстан мұсылмандарының қара шаңырағы – мүфтият пен мешіт имамдары, барша дін қызметкерлерінің соңғы бір жылда атқарған іс-шаралары кітапқа еніп, «MUFTYAT» баспасынан жарық көрді.
«Біз жыл басындағы елдегі жағдайға байланысты 2022 жылды діни қызмет аясында «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» жылы деп жарияладық. Аллаға шүкір, осы бастама аясында жоспарланған бірқатар бастамалар мен іс-шаралар жүзеге асты.
«Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» жылы аясында 400-ден астам іс-шара өткізілді. Осы шаралар келер ұрпаққа тарих болып қалсын деген ниетпен атқарылған жұмыстарымызды, жазған мақалаларымызды жинақтап, кітап етіп шығарған болатынбыз» деді Бас мүфти.
Өз кезегінде ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы жаңа кітапты облыс бас имамдарына табыстады. Сосын ел амандығы үшін дұға жасады.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі