ЕЛОРДАДА ЖАСТАР АРАСЫНДА ШАҒЫН ФУТБОЛДАН ТУРНИР ӨТТІ

22 қараша 2026 82 0
Оқу режимі

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Жастар ісі секторының ұйымдастыруымен Ел тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай жастар арасында шағын футболдан «Жастар кубогы» турнирі өтті.  

Спорттық шараның ашылу салтанатына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Ақұлан Өсерұлы, Астана қаласының Бас имамы Нұрбек Әуесханұлы, Мүфтият қызметкерлері мен арнайы қонақтар қатысты.

Салтанатты жиында Бас мүфти жарысқа қатысушылар мен ұйымдастырушыларға алғыс айтып, турнирдің әділ әрі тартысты өтуіне тілектестік білдірді.

Ал Ақұлан Өсерұлы спорттық шараға шақырғаны үшін ризашылығын білдіріп, Жастар және отбасы істері комитеті жастардың кез келген игі бастамасын қолдауға дайын екенін жеткізді.

Турнирге барлығы 6 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Атап айтқанда, ҚМДБ атынан «Мүфтият жастары» және «Зейін» командалары, Астана қаласы мешіттерінің құрамасы, «Сығанақи» институты, Астана медресе-колледжі және «Мұнара» телеарнасының командасы бақ сынады.

Тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:

І орын – «Мүфтият жастары» командасы (150 000 теңге);
ІІ орын – «Астана қаласы мешіттері» командасы (100 000 теңге);
ІІІ орын – «Зейін» командасы (80 000 теңге).

Жарыс соңында жеңімпаз командалар мен үздік ойыншылар марапатталды. Турнир жастардың өзара достығын нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға және діни ортадағы бірлікті арттыруға бағытталған игі шара болды.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру