Елордада «Салауатты жамағат» атты спорттық сайыс өтті (ФОТО+ВИДЕО)

13 қараша 2021 4389 0
Оқу режимі

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы мешіттері арасында «Салауатты жамағат» атты спорттық сайыс болып өтті. «Сәдуақас Ғылмани» мешітінің ұйымдастыруымен өткен дүбірлі додаға Бас қаладағы 12 мешіттің жамағатынан құралған 12 команда қатысып, ұлттық спорт түрлерінен күш таластырды.

ҚМДБ жұмыс бағытының бірі – «Дін мен дәстүр» саласы аясында өткен спорттық сайыста қатысушылар «Асық», «Қол күрес», «Гір көтеру» және «Арқан тартыс» ойындары бойынша бақ таластырып, жекелей және топтық марапаттауларға ие болды. Сондай-ақ, қатысушы командалар ақтық сайыс алдында өз өнерлерін ортаға салып, спорттық трюктер де көрсетті.

Спорт сайысының ашылу салтанатына наиб мүфти Ершат Оңғар, шаһар бас имамы Ерболат Жүсіпов арнайы қатысып, ізгі тілектерін білдірді. Жамағат бірлігін арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған бүгінгі сайыстың маңыздылығын атап өтіп, командаларға сәттілік тіледі.

Діни басқарма ғимаратындағы спорт залда өткен дүбірлі сайыс жанкүйерлер мен көрермендер үшін тартысқа толы өтті. Зал ішін жаңғыртқан қошемет-қолпаштаулар, намысты жаныған қайрау сөздер, жігіттердің күш-қайратына риза болған жанкүйерлердің сүйсінген лебіздері – бүгінгі сайыстың жоғары деңгейде өткенінің белгісіндей болды.

Тартысқа толы өткен сайыс нәтижесі бойынша командалық есепте «Раиса ана» мешітінің жамағаты ІІІ орынға ие болса, «Нұр Астана» мешіті ІІ орынға көтерілді. Спорттық сайыстың бас жүлдесін «Төлебай» мешітінің жамағатынан құралған «Сұңқар» тобы иеленді.

Суреттер топтамасын «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру