Елордада мұсылман әйелдерінің дәстүрлі киім үлгісі көрсетілді (ФОТО)

31 қазан 2020 4948 0
Оқу режимі

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен «Мұсылман әйелдерінің дәстүрлі киім үлгісі» атты сән көрсетілімі өтті.

Ерекше шараға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, Діни басқарма мен еліміздің түкпір-түкпіріндегі мешіттердің әйел жамағатына алғысын білдірді.

«Біздің асыл дініміз киімге, әсіресе, әйел затының киім киісіне баса мән береді. Өйткені келешек ұрпақтың анасы ұятты, иманды, салиқалы болуы үшін оның киімі дұрыс болуы керек. Алғаш уахи түскенде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірінші болып шариғатты жұбайы Хадиша анамызға жеткізді. Ислам тарихындағы ең құрметті әйел, аяулы ана Хадиша (р.а.) Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрдайым демеу болды. Сабырлы қалпымен, ақылдылығымен перзенттеріне үлгі болды. Қиын-қыстау кезеңде сабырлық танытып, ерін сыйлап өткен Хадиша анамыз жәннаттық әйелдердің қандай болуы керектігін үйретіп кетті.

Ал қазақта: «Әйел – қырық шырақты» дейді. Өйткені, әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді. Ол сан түрлі сынға сабырмен шыдап, төзіммен төзе біледі. Өздеріңіз де пандемия жайылған сәттен бастап мешіттерімізге көмектестіңіздер. Бетперде тігіп, тегін тараттыңыздар, ыстық тамақ дайындап, қарттардың, мұқтаждардың көңілін таптыңыздар. Тіпті, еліміздегі әйел жамағаты Құранды күн сайын хатым етіп, халқымыз үшін үзбей дұға жасады. Осылайша, отбасыларыңызға да жақсы қарап, қазақ әйелінің мәртебесін тағы бір биікке көтердіңіздер. Сіздерге Алла разы болсын» деді Бас мүфти.

Бұдан кейін Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ Әйел-қыздар секторының 19 аймақтағы өкілдеріне, әйел ұстаздарды алғыс хатпен марапаттап, естелік сыйлық табыстады.

Сән көрсетілімінде айтыскер ақын Сара Тоқтамысова, әнші Қарақат Әбілдина әннен шашу шашса, Әйел-қыздар секторының өнерлі қыздары күй тартып, дәстүрлі әнге де кезек берді.

Барлық өкілдіктен келген қыз-келіншектер бүгінгі уақытқа сай мұсылман әйелдерінің киім үлгісін көрсетсе, бұған дейінгі өңірлерде өткен сән көрсетілімдерінен дайындалған бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Шара кезінде 100-ге жуық сән үлгісі көрсетілсе, қазақ мәдениетіндегі киім киюге қатысты викториналық сұрақтартар қойылып, дұрыс жауап берген көрермендерге арнайы сыйлық табысталды.

Сән кешін қорытындылаған ҚМДБ Әйел-қыздар секторының жетекшісі Ақбөпе Тілегенова:

«Бұл жоба жыл басында ойластырылып, көктем мерекесінде өтеді деп жоспарланған еді. Бірақ Алланың қалауымен пандемия жағдайына байланысты кейінге қалды. Сөйтіп, сәті бүгінге түсіп отыр. Ел басына күн туған сәтте жанұясына да, жан-жағына да қамқор бола білген қыз-келіншектерге Алладан тек жақсылық, береке тілеймін. Бұл жобаны алдағы уақытта да жетілдіріп, ауқымын кеңейтеміз деген ойдамыз» деді.

Cуреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

Пікірлер Кіру