ЕЛОРДАДА І РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «QAIYRYMDYLYQ JARSHYLARY» ЕРІКТІЛЕР ФОРУМЫ ӨТТІ (ФОТО)

16 қараша 2022 2468 0
Оқу режимі

Бүгін елордасы Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен «QAIYRYMDYLYQ JARSHYLARY» бірінші республикалық еріктілер форумы өтті.

Форум жұмысына ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған мүфтият ұжымы мен дін қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ «Зекет және қайырымдылық» қорының өңірлердегі өкілдері мен еріктілер қатысты. Қасиетті Құран аяттары оқылып, Бас мүфти ел амандығы үшін дұға жасап, іс-шараның сәтті өтуін тіледі.

Сондай-ақ алғашқы болып сөз алған ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы дін жолында ерікті түрде қызмет етудің маңызы мен сауабын айрықша атап өтіп, әсіресе жастардың табандылығы қайырымдылық істерінде ерекше көрініп тұратынын тілге тиек етті.

«Құран Кәрімдегі «Кәһф» сүресінде иманын сақтап, үңгірге жасырынған жастардың оқиғасы баяндалады. Осы сүреде: «Олар иман келтірген жастар еді» деп сипатталады. Сол жастардың оқиғасы кейінгі толқындарға үлгі ретінде көрсетілді.

Жаратқан Жәббар Хақтан уахи түскенде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жасы қырықта болатын. Ал насихатына еріп, иманға келгендердің басым бөлігі жастар еді. Алғаш иман келтірген кезде Әлидің жасы 8-де, Талха ибн Убайдулла 11-де, Абдулла ибн Масғұт 14-те, Сағыд ибн Әбу Уаққас 17-де, Зубейр ибн Аууам (баршасына Алла разы болсын) 18-де еді.

Бұлардың барлығы Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мектебінің парасатты да алғыр түлектері болатын. Әуелі Алланың қалауымен, сосын сол жастардың жұмыла күш салуымен Хақтың қасиетті сөзі, яғни Құран Кәрім кітабымыз шартарапқа жайылды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде өткен еріктілер жылының жабылу рәсімінде: «Еріктілер жылы жалынды жастарымыздың бойындағы ең асыл қасиеттерді дәріптеген ерекше жылға айналды. Бұл жанашырлыққа, жауапкершілік пен қамқорлыққа үндеген кезең болды. Біз мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, түрлі қиындықтармен бірге күрестік. Осылайша, адамгершілік құндылықтарды жоғары бағалайтын қоғам екенімізді таныттық. Еріктілер – өзгенің мәселесін өз ісіндей көретін жүрегі кең, ниеті дұрыс жандар. Біздің еліміз дәл осындай азаматтардан кенде емес. Сіздердің қоғам үшін жасаған пайдалы істеріңіз, көпшіліктің ыстық ықыласы мен ақ батасы – соның айқын дәлелі» деген болатын.

Расында, нағыз жанашыр адам ерікті бола алады. Осы форумда қабылданатын құжаттар «Зекет және қайырымдылық» қорының игі бастамаларын қолдайтын еріктілер қатарының көбеюіне, сауапты істердің басы-қасынан табылатын жандардың белсенділігіне ықпал етеді сенемін» деді Бас мүфти.

Айта кетейік, форум барысында «QAIYRYMDYLYQ JARSHYLARY» еріктілерінің тұғырнамасы», «еріктілер күні» және еріктілердің жылдық жоспары бекітілді. Сондай-ақ «Үздік қайырымдылық жоба» таңдалып, «Жыл жанашыры» анықталды және «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев қазіргі таңдағы атқарылып жатқан жобаларды таныстырып өтті.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру