Елорда жаңа мешіт ашылып, алғашқы жұма намазы оқылды (ФОТО)

05 шілде 2019 8925 0
Оқу режимі

Бүгін, қасиетті жұма күні Елордада 11-ші мешіт жамағатқа есігін айқара ашты. Қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мешіттің ашылу салтанатына қатысып, тоғыз жолдың торабы, «Нұр-Сұлтан» темір жол вокзалы маңында салынған зәулім ғимаратпен танысты.

«Раиса ана» деп аталатын мешіттің ашылу сәтінде сөз сөйлеген ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз:

«Мешіт – адамдарды мейірімділікке, сүйіспеншілікке шақыратын, бір-біріне қамқор болып, қол ұшын беретін, мұқтаж болған адам жанына тыныштық табатын, сондай бір қасиетті, ұлық мекен. Бұл – имандылықтың, имандылықтың, білімнің, ғылымның ордасы. Кешегі Қараөткелден келе жатқан Ақмола, кеше ғана халқымыздың басын біріктірген Астана, бүгін нұрланып дамып жатқан Нұр-Сұлтан қаласында халықтың негізгі бөлігі шоғырланған жерге мешіт көптен бері қажет еді. Мінеки, Елбасымыздың тапсырмасымен дәл осы халық тығыз орналасқан жерге мешіт салдырған әулетке Алла разы болсын дейміз, — деді.

Айта кетейік, бас қаланың оң жағалауында бой көтерген жаңа мешітке бір мезетте 1500-2000 адам еркін сыйып, құлшылығын өтей алады. Сондай-ақ, мешіт жанынан ас беруге, Рамазан айында ауызашар беруге ыңғайлы асхана да ашылып отыр.

Қасиетті жұма күніне орай ашылған құлшылық ордасы жамағатқа бірден лық толып, салтанатты шара жұма намазына жалғасты. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Кәсіптегі адалдық» тақырыбында уағыз жүргізіп, жамағатты рухани сусындатты. Бұдан кейін мешіт жамағатына Бас мүфти бұйрығын оқып беріп, жаңа мешіттің бас имамы болып тағайындалған Қалижан Заңқоевты таныстырды. Бұған дейін осы қаладағы «Әлжан ана» мешітінің бас имамы қызметін жемісті атқарып келген Қалижан имамды жаңа қызметімен құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 


 

Пікірлер Кіру