ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АРАСЫНДА ФУТБОЛДАН ТУРНИР ӨТТІ (ФОТО)
Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен дін қызметкерлері арасында шағын футболдан турнир өтті.
«Астана-Арена» стадионында өткен доп додасына Діни басқарма қызметкерлері мен облыстық өкілдіктердің бас имамдарынан құралған 6 команда қатысты.
«Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұратын жолдастық турнирдің мақсаты – дін қызметкерлері арасында бірлік пен бауырмалдықты арттыру, сол арқылы ел мен жерге қызмет ету. Сондай-ақ қоғамға және дін қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау. Өйткені тәні мықты мұсылман сауапты істерге ұйытқы болады, жақсылықтың жаршысы бола алады» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Қызықты әрі тартысты өткен ойын нәтижесінде «Баянауыл» командасы жеңімпаз атанса, «Оқжетпес» командасы 2-орын, «Алтай» командасы 3-орынды еншіледі. Сондай-ақ үздік атанған ойыншылар жекелей номинацияларымен марапатталды.
Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі