БАС МҮФТИ ТАРАУЫҚ НАМАЗЫНДА УАҒЫЗ АЙТТЫ (ФОТО)

26 наурыз 2024 1274 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Астанадағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде тарауық намазына қатысып, жамағатқа уағыз айтты.

Бас мүфти мешітке келушілерге Рамазанда Құран Кәрім оқудың артықшылығы жөнінде баяндады.

«Әбу Зәрр (Алла оған разы болсын): «Мен Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиет айтыңыз», – дедім. Сонда ол кісі: «Саған тақуалықты өсиет етемін. Себебі, тақуалық – әрбір нәрсенің бастауы»,– деді. Мен: «Уа, Алланың Елшісі! Маған тағы өсиет айтыңыз», – дедім. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Саған Құран оқуды өсиет етемін. Расында ол саған жер бетінде жол көрсетуші нұр әрі ақыретің үшін азық болады»– деді.

Бұл хадисте де ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тақуалықтан кейін Құран оқуды өсиет етуінде осындай мән-мағына бар. Ардақты Пайғамбарымыздың өзі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті Рамазан айында Құран оқуға ерекше ден қоятын. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Рамазан кезінде Жебірейіл періште ардақты Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әр түні кездесіп Құран оқып тексеретін», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Осы жәйттарды негізге алған Ислам ғұламалары қасиетті Рамазан айында Құранды толықтай бір мәрте не одан көп рет хатым етудің мұстахаб амал екенін айтқан» деді ҚМДБ Төрағасы.

Сондай-ақ Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жамағатпен бірге тарауық намазын оқып, ел мен жердің тыныштығы үшін дұға жасады. 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру