БАС МҮФТИ РАМАЗАН АЙЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫН ПЫСЫҚТАДЫ (ФОТО)

09 наурыз 2023 2232 0
Оқу режимі

Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы аппарат жиналысы өтті.

Жиынның күн тәртібінде қасиетті Рамазан айына дайындық жұмыстарын пысықтау, биылғы пітір садақасының мөлшерін анықтау, садақа және зекет беру жүйесін оңтайландыру, жамағат тарапынан оразаға қатысты сұрақтарға дер кезінде жауап беру, т.б. мәселелер талқыланды.

«Рамазан – исі мұсылманның қасиетті айы. Біз ұлық айды үлкен дайындықпен қарсы алып, ұйымдастыру-үйлестіру жұмыстарын жоғары деңгейде өткізуіміз тиіс. Мешітке келуші жамағат пен ел тұрғындарының діни сауалына лайықты деңгейде жауап беріп, діни сауатын арттыруына оң ықпал жасауға тиіспіз.

Бұл – халқымыздың рухани сұранысын қанағаттандырып, барынша уағызымыз бен насихатымызды айтып, рухани кеңесімізді, пәтуамызды жеткізіп қалатын үлкен мүмкіндік әрі сауабы мол маусымдық кезең. Сондықтан ұлық айды барынша дайындықпен өткізуге бар күшімізді сарп етейік» деді ҚМДБ Төрағасы.

Жиналыс соңында Бас мүфти қасиетті айды жоғары деңгейде өткізуге қатысты бөлім меңгерушілеріне нақты тапсырмалар берді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру