Бас мүфти Құрбан айтта балаларды шаттыққа бөледі (ФОТО)
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айт мерекесіне орай елордада орналасқан «Өнеге» оңалту орталығында болып, қайырымдылық іс-шараға қатысты.
Орталық жетекшісі Гүлім Қайырқызы Бас мүфтиге сал ауруына шалдыққан балаларды емдеу бағытындағы жұмыстарымен таныстырды. ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айт мерекесіне орай «Өнеге» оңалту орталығында емделіп жүрген балаларға қимыл-қозғалысты дұрыстауға, нық қадам басуға мүмкіндік беретін 2 дана «Гросс тренажері» құрылғысын сыйлап, айттық үлестірді. Сонымен қатар бірнеше баланың тұсауын кесіп, Алладан сауығып кетуін тілеп, дұға жасады.
«Адам баласы осы өмірде түрлі деңгейде сынақтарды бастан кешеді. Алла Тағала осы сынақты көркем сабырмен еңсеруге күш-қуат берсін. Мұсылман баласы Құдайдан ешқашан күдер үзбейді. Жаңа күннен жақсылық күтіп, ізгілікке ұмтылады. Алла қаласа бұл күндер де артта қалып, қуанышты сәттеріңіз көп болсын», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Қайырымдылық іс-шарасы мерекелік бағдарламаға ұласып, балалар ортада өз өнерін паш етті. Өз кезегінде «Өнеге» оңалту орталығының жетекшісі Гүлім Қайырқызы мен ата-аналар сауапты іске ұйытқы болған Бас мүфти бастаған «Зекет және қайырымдылық» қорының өкілдеріне алғысын білдірді.
Айта кетсек, бүгінде аталған орталықта 60 бала емделуде.
Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі