БАС МҮФТИ ҚАЗАҚСТАННЫҢ МАРОККОДАҒЫ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)
Бүгін елордада ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстанның Марокко Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Сәулекүл Сайлауқызымен кездесті.
Бас мүфти елші Сәулекүл ханыммен Қазақстан мен Африка құрлығының ықпалды мемлекеттерінің бірі Мароккомен арадағы рухани байланыс жөнінде әңгіме өрбітті.
«Біздің еліміз Ислам дінін ұстанатын мұсылман мемлекеттерімен әрдайым жақсы байланыста. Қазақстаннынң тек араб, Түркия мен Орта Азия елдері ғана емес, Африка құрлығындағы халқының басым бөлігі мұсылман саналатын елдермен де дипломатиялық байланыста екені баршаға белгілі. Әсіресе, діни-рухани бағытта да бірлесе атқарып жатқан игі істер аз емес. Жыл сайын мәуліт кештеріне, өзге де діни мерекелік шараларымызға Ислам елдерінің елшілері құрметті қонақ ретінде шақырамыз. Алдағы уақытта Марокко мемлекетімен діни-рухани бағытта бірлескен арнайы іс-шараларымыз екі ел арасындағы дипломатиялық байланыс аясында көптеп ұйымдастырылады деген сенімдемін» деді ҚМДБ Төрағасы.
Өз кезегінде Сәулекүл Сайлауқызы Қазақстанның Марокко Корольдігіндегі елшілігі былтыр ғана ашылғанын және діни-рухани бағытта бірқатар игі істерді бірлесе атқаруға болатынын тілге тиек етті.
Ресми кездесу соңында Бас мүфти Қазақстанның араб-ислам әлеміндегі алғашқы әйел елшісі Сәулекүл Сайлауқызына ілтипат көрсетіп, сый-сияпат тарту етті.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі