БАС МҮФТИ ҚАДІР ТҮНІНДЕ ХАТЫМ ДҰҒАСЫН ЖАСАДЫ (ФОТО)

18 сәуір 2023 2697 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Қадір түнінде елордадағы Республикалық бас мешіт пен «Әзірет Сұлтан» мешітіне арнайы барып, жамағатпен бірге хатым дұғасын жасады.

Бас мүфти алдымен жамағатты мың айдан да қайырлы болған Қадір кешімен құттықтап, Құранды толық хатым еткен қариларға айрықша алғысын білдірді.

«Бұл түнді күллі мұсылман үмбеті асыға күтеді. Қадір түні – дұғалар қабыл болатын, Жаратушы Алла Тағаланың бұйрығымен періштелер түгелдей жер бетіне түсіп, таң атқанша адамзатқа сәлем жаудыратын түн. Рамазан кірген түннен бастап тарауық намазында оқылатын Құран Кәрімнің хатым дұғасын дәл қасиетті Қадір түні жасауымыздың себебі де – осы.

Бірде Айша анамыз (оған Алла разы болсын) ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі, Қадір түнінде қандай дұға тілейін?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла, расында, Сен кешірімдісің және кешіргенді жақсы көресің. Мені кешіре көрші» деп айтасың» деп жауап берген. Хадистердің бірінде: «Кім де кім Қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі» делінген.

Алла Тағала баршамыздың қате-кемшілігімізді кешіріп, өз мейіріміне бөлегей. Раббымыз Қадір кешінде шынайы иманмен жасаған дұғаларымызды, намаздарымызды, берген садақаларымызды, оқыған Құранымызды қабыл етіп, сауабын еселеп жазғай» деді ҚМДБ Төрағасы.

Бас мүфти Құран Кәрімнің соңғы аяттары оқылған тарауық намазынан кейін хатым дұғасын жасап, жер бетіне бейбіт өмір, елімізге амандық, жұртымызға тыныштық тіледі.

Айта кетейік, Діни басққарманың төл телеарнасы «Munara TV» мен «Qazaqstan» ұлттық арнасы «Мың айдан да қайырлы Қадір түні» атты бағдарлама ұсынып, қос мешіттен тікелей эфирде хабар таратты. Сондай-ақ Бас мүфти тікелей эфир арқылы телекөрерменге насихат айтып, қазақ еліне тілегін арнады.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру