БАС МҮФТИ ОРАЗАҒА ОРАЙ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҮНДЕУ ЖАСАДЫ (ФОТО)

14 наурыз 2023 2252 0
Оқу режимі

Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы оразаға орай БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында кәсіпкерлерге үндеу жасады. 

«Осы ретте кәсіпкер азаматтарды, сауда орталықтарының басшыларын қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға үндеймін. Жақсы амалдарыңыз өздеріңізге еселеп жақсылық болып қайтатынында күмән жоқ. Мұндайда халқымыз: «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» демей ме?! Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бауырының қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде-кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді», – деген.

Осы сәтті пайдаланып, барша қауымға қасиетті Рамазан айында арақ-шарап ішілмесе және дүкендерде сатылмаса, мүмкіндігінше құдайы астар кешкі ауызашар уақытында өткізілсе деген тілегімді жеткіземін. Алла Тағала Рамазанның құрметі үшін жасаған жақсы ісіміздің себебімен баршамызды жақсылыққа кенелткей» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру