Бас мүфти Мысыр мүфтиі Шауқи Алламмен кездесті (ФОТО)

08 маусым 2022 2884 0
Оқу режимі

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Мысыр мүфтиі, доктор Шауқи Ибраһим Алламмен кездесті. 

Кездесуде екі елге ортақ маңызды мәселелер айтылды. Соның бірі де бірегейі – Мысыр елінің ұйымдастыруымен өткен діни экстремизмге қарсы конференцияда айтылған жайттар. Бас мүфти ең алдымен конференцияға ықыласпен шақырып, көрсеткен құрметі үшін Шауқи Алламға алғыс білдірді.

«Алла Тағала бүгінгі бастамаларыңызға, әлем елдерінің тұрақтылығы жолында жасап жатқан игі жұмыстарыңызға жар болсын! Сіздің шақыртуыңызды қабыл алып арнайы Мысыр жеріне келіп отырмыз. Конференция өте жоғары деңгейде өтті. Айтылған мәселелер оң шешімін табады деп сенеміз. Қазақстан мен Мысыр арасындағы рухани, достық байланыстарымыз одан әрі арта түседі деп күтеміз.

Өзіңізбен бір жыл бұрын кездескенімізде ортақ пәтуаларды бірге қабылдауға, қазіргі таңда мұсылман үмбетін алаңдатқан күрделі сауалдарды бірге шешуге уәделескен едік. Бұл бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Қазақстан және Мысыр арасында екіжақты әріптестік һәм бауырластық байланыс қалыптасты деуге болады. Соның ішінде діни ынтымақтастық басты орында. Сізбен арадағы жасалған келісімге сай Мысыр тарапы елімізден келетін имамдар мен ұстаздарымызға пәтуа беру әдісін үйретуді қолға алды. Пандемияға байланысты бірнеше рет онлайн сабақтар өтті. Бұл ретте сіздің ерекше қолдауыңызға ризашылығымды жеткіземін», - деді Бас мүфти.

Кездесуде Мысыр мүфтиі елімізден білім алуға ниетті жандарды қолдауға әр кез дайын екенін айтты. Сондай-ақ діни экстремизге қарсы бірлесе жұмыс істеу идеясын ұсынып, ортақ жоба жасау қажеттігін алға тартты. Бас мүфти Шауқи Алламды елімізде өтетін Дәстүрлі дін лидерлерінің съезіне құрметпен шақырды. Өз кезегінде Мысыр мүфтиі шақыртуды қабыл алып, қонақ болатынын айтты.

Кездесу соңында тараптар қалыптасқан достық байланысты нығайтып, игі бастамаларды қолдайтынын мәлімдеді.

 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру